Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен кездесті

Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан.

Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары  ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды. 

Оның айтуынша, бұл жетістіктерге Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылы маусым айындағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы септігін тигізді.   

– Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі  бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Яғни ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия мен одан тысқары жерлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын айтты.   

– Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел жоғары оқу орындарының серіктестігі аясында Қазақстан экономикасының қажеттілігіне сай білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын айтты. Аталған жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында Қазақстан-Германия бірлескен университеттері ашылды. 

– Бұл мысалдар мына маңызды қағиданың дұрыс екенін көрсетеді. Нақты экономикалық және технологиялық қажеттілікке сай келетін академиялық серіктестік нәтижелі болады. Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев білім алмасу тәжірибесінен білім қорын бірлесе жасау үдерісіне көшуге мүмкіндік беретін серіктестіктің үш негізгі бағытын ұсынды. 

– Біріншіден, бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейтіп, серіктес оқу орындары арасындағы қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту керек. Екі ел студенттері мен зерттеушілерінің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды. Осы орайда елдеріміздің арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынамын, – деді Президент.