ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде Қазығұрт ауданы Көкібел ауылындағы Сабыр Рахымов атындағы орта мектептің сегіз түлегі Отан алдындағы борышын өтеп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бір кездері олар мектеп қабырғасында бір партада отырып, білім алды. Мектеп бітірген соң әрқайсысы өз жолын таңдады. Бірі «Байланысты бақылау» мамандығы бойынша колледж тәмамдаса, енді бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Араларында заңгер мен география пәнінің мұғалімі де бар.
Арада жылдар өткен соң бұрынғы сыныптастарды ортақ мақсат қайта біріктірді. Олар азаматтық борышын өтеу үшін әскери қызметті бірге атқаруға шешім қабылдады. Осылайша мектеп қабырғасында басталған достықтары Ұлттық ұлан қатарында жалғасын тапты.
Қазір олардың әрқайсысының өз міндеті мен жауапкершілігі бар. Дегенмен мектептен басталған достық пен бірге өткізген жылдар өзара түсіністік пен қолдауды сақтауға септігін тигізеді.
– Біз бірге оқып, бірге өстік. Сондықтан мектептен бері бір-бірімізді жақсы танимыз. Бірақ әскери ортада әрқайсымыздың жаңа қырымызды таныдық. Қиын сәтте кімнің сабыр сақтайтынын, кімнің жауапкершілікпен қарайтынын, кімнің жолдасына демеу бола алатынын осы жерде көрдік. Қазір әркім өз міндетін атқарады. Соған қарамастан, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қажет болса ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз, – дейді қатардағы жауынгер Бағлан Рахымберді.
Олардың ортақ өмір жолы бүгінде Түркістан көшелерінде жалғасып келеді. Ұландықтар патрульдік жасақ құрамында күн сайын қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Олар түркі әлемінің рухани астанасының қоғамдық тәртібін бірге бақылайды және қажет болған жағдайда азаматтарға көмек көрсетеді.
Қызметтен тыс уақытта да туған ауылдарымен байланысын үзбейді. Мектептегі жылдарын еске алып, Көкібелдегі жаңалықтардан хабардар болып отырады. Олар үшін Ұлттық ұланның әскери бөлімінде бірге қызмет ету мектеп партасынан басталған көпжылдық достықтың жалғасына айналды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.