Биыл Орал, Атырау қалалары мен Ұлытау облысында жүзеге асырылған GREEN SCIENCE KZ жобасы осы тәсілді практикаға енгізуге бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жобаны Ботаника және фитоинтродукция институты Chevron компаниясымен серіктес бола отырып, жүзеге асырып келеді. Ғылыми тәсілді айналымға енгізген алғашқы жылдың қорытындысы Астанада өткен республикалық конференцияда айтылды.
GREEN SCIENCE KZ – қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруда ғылыми зерттеуге сүйенуді көздейтін білім беру жобасы. Оның негізгі қағидасы қарапайым: әрбір өңірге бірдей ағаш отырғызуға болмайды. Өсімдікті таңдағанда климат, топырақ, ылғал мөлшері, тұздану деңгейі, сондай-ақ ағаштың нақты қай жерге – саябаққа, тұрғын үй ауласына немесе жол бойына отырғызылатыны ескерілуі керек.
Chevron компаниясының әлеуметтік серіктестік жөніндегі аға кеңесшісі Ләйлә Айтмұханованың айтуынша, компанияға бұл бастаманы Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдары өткен жылдың соңында ұсынған.
– Институттың командасы, дендрологтар мен ғалымдар бізге өткен жылдың соңында осы идеямен келді. Ол кезде мамандар қаланы дұрыс, ғылыми негізде көгалдандыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеп қойған еді. Бұл идея Chevron компаниясына өте қызықты көрінді. Сондықтан біз оны қолдап, серіктес болуға шешім қабылдадық, – деді Ләйлә Айтмұханова.
Оның сөзінше, қоршаған ортаны қорғау мен қалаларды көгалдандыруды тек мемлекеттің немесе ғалымдардың міндеті ретінде қарастыруға болмайды.
– Егер біз адамдар мен планетаның болашағына қатысты маңызды мәселелерді шешкіміз келсе, мұнда екі бөлек тарап болмауы керек. Мемлекеттің, ғалымдардың, бизнестің және халықтың күш-жігері бірігуге тиіс. Сонда ғана маңызды нәтиже шығаруға болады, – деді Chevron өкілі.
Айта кетейік, Ләйлә Айтмұханова бұған дейін де компанияның бұл бағыттағы мақсаты ағаш отырғызуды «есеп үшін» өткізілетін бір реттік іс-шараға айналдырмау екенін айтқан. Оның сөзінше, қаланы дұрыс көгалдандыру үшін ғылыми таным пен білім қажет.
Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева да ғылыми-зерттеулердің нәтижесі нақты қалалардағы көгалдандыру жұмыстарына жетуі керегін атап өтті.
– Chevron біздің ғылыми әзірлемелерімізді қолдап, биыл оны Қазақстанның батыс өңірлерінде енгізуге көмектесті. Орал мен Атырауда семинарлар өткіздік. Жинақталған ғылыми-практикалық білім мен ұсынымдарды нақты көгалдандыру жобаларына белсенді енгізу қажет. Ол үшін ғылыми қауымдастықтың, мемлекеттік құрылымдардың және көгалдандырумен тікелей айналысатын мамандардың күшін біріктіру маңызды, – деді ол.
Ғылыми көгалдандыру несімен ерекшеленеді?
Жобаның негізгі мәселелерінің бірі – өсімдік түрін дұрыс таңдау. Бір ағаш белгілі бір өңірдің климатына шыдағанымен, қаланың кез келген бөлігіне сәйкес келе бермеуі мүмкін. Мәселен, жол бойындағы өсімдік көлік шығарындыларына, шаңға және басқа да антропогендік әсерге төзімді болуы керек.
Сондықтан GREEN SCIENCE KZ аясында ғалымдар жалпы ұсыныспен шектелмей, әр өңірге лайық ағаштар мен бұталардың ассортиментін әзірлеген.
Орал мен Атырауда өткен кездесуге әкімдіктердің, орман шаруашылықтарының, тәлімбақтардың, жобалау және мердігер ұйымдардың, сондай-ақ көгалдандырумен айналысатын компаниялардың өкілдері қатысты. Мамандарға өсімдікті таңдау, жасыл желектерді күтіп-баптау және өңірдің табиғи жағдайын ескеру бойынша ғылыми ұсынымдар берілді.
Атырауда, мысалы, қаланы көгалдандыруда пайдалануға болатын 157 таксон ұсынылған. Олардың қатарында 37 жапырақты ағаш, түрлі бұталар мен қылқанжапырақты өсімдіктер бар. Ғалымдар әзірлеген каталогта өсімдіктердің аязға, құрғақшылыққа, топырақтың тұздануына және қала жағдайына төзімділігі ескерілген.
Яғни, мәселе «қанша ағаш отырғызылды?» деген көрсеткішпен ғана шектелмейді. Ғылыми тәсілде сол ағаштың бірнеше жылдан кейін сақталып қалуы, қалаға көлеңке беруі және оны күтіп-баптауға қанша қаражат жұмсалатыны да маңызды.
Оралдағы тәжірибе нені көрсетті?
Бұл мәселе – әсіресе Батыс Қазақстан үшін өзекті. «Орал ботаникалық бағы» қоры директорының орынбасары Роза Өмірзақованың айтуынша, өңірдегі климат көгалдандыруға айтарлықтай талап қояды.
Қыста ауа температурасы минус 35-40 градусқа дейін төмендеп, жазда көлеңкенің өзінде плюс 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұған құрғақ жел, топырақтың тұздануы, көктемгі су басу мен шілде-тамыз айларындағы топырақ құрғақтығы қосылады.
– Мұндай жағдайда өсімдіктерді алдын ала интродукциялық сынақтан өткізбей отырғызудың дәстүрлі тәсілі көшеттердің көптеп қурауына, сәндік қасиетінің төмендеуіне, кейде бюджет пен жеке қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеледі, – деді Роза Өмірзақова.
Оның айтуынша, Оралда ұзақ уақыт бойы қаланы көгалдандыруда тікенекті шырша кеңінен қолданылған. Қылқанжапырақты ағаштар жол бойына да көп отырғызылған. Десе де, қуаң дала жағдайында мұндай өсімдіктер көп күтімді қажет етеді. Олар күнге күйіп, зиянкестерден зардап шегуі мүмкін және үнемі арнайы өңдеуді қажет етеді.
Ғылыми ұсынымдар енгізіле бастағаннан кейін қаладағы өсімдік таңдауда алғашқы өзгерістер байқалған.
– Каталогтар мен өткен оқытудан кейін көшелер мен скверлердегі екпін біртіндеп өзгере бастады. Ұсақ жапырақты жөке мен кәдімгі шетен отырғызылып жатыр. Мысалы, Абай алаңына жөке, жол бойына шетен отырғызылды. Ең бастысы, қылқанжапырақты ағаштардан жапырақты түрлерге қарай алғашқы қадам жасалды, – деді ол.
Бес жылда 70-75% үнемдеуге бола ма?
Оралдағы тәжірибе көгалдандырудың тағы бір экономикалық жағын көрсетті. Қалада жыл сайын біржылдық гүлдерді сатып алуға, отырғызуға және күтіп-баптауға қаражат жұмсалады.
Роза Өмірзақованың айтуынша, біржылдық гүлдердің бір бөлігін көпжылдық өсімдіктермен алмастыру бес жылдық кезеңде шығынды шамамен 70-75 пайызға азайтуы мүмкін.
Бұл біржылдық гүлдерден толық бас тарту деген сөз емес. Олар қаланың көркін қалыптастыруда маңызды. Алайда мамандар көпжылдық өсімдіктерді орынды пайдалану жыл сайын қайталанатын шығынның бір бөлігін азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.
Импорттық көшеттердің жерсінуі неге қиын?
Тағы бір мәселе – Қазақстан өңірлеріндегі жергілікті отырғызу материалының тапшылығы.
Роза Өмірзақованың айтуынша, Оралдағы жергілікті орман шаруашылықтары мен тәлімбақтар қаланы көгалдандыруға қажетті өсімдіктердің шамамен 10 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Қалған көшеттердің едәуір бөлігі Ресей мен Еуропа елдерінен жеткізіледі.
Мұның бірнеше тәуекелі бар. Біріншіден, көшеттің бағасына тасымалдау шығыны қосылады. Екіншіден, жұмсақ климатта өсірілген өсімдік Батыс Қазақстанның күрт континенттік жағдайына бірден бейімделе алмауы мүмкін.
– Мұндай өсімдіктер климаттық күйзеліске ұшырайды. Олардың жерсіну көрсеткіші кей жағдайда 40-50 пайыздан аспайды. Сондықтан өзіміздің жергілікті жағдайға бейімделген, аудандастырылған отырғызу материалын өсіруіміз керек, – деді Роза Өмірзақова.
Оның айтуынша, сырттан әкелінетін өсімдіктермен бірге жаңа зиянкестердің таралу қаупі де бар. Сондықтан мамандар жергілікті тәлімбақтарды дамыту мен өңірлік ботаникалық бақтарды қолдауды ғылыми негізделген көгалдандырудың маңызды бөлігі деп санайды.
Ұлытауда тұрғындардың өзі көшет өсіреді
GREEN SCIENCE KZ жобасының тағы бір бағыты Ұлытау облысында жүзеге асырылды. Мұнда басты назар дайын көшет сатып алуға емес, оны жергілікті жерде өсіруге аударылған.
Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында тұрғындар мен мектеп оқушылары көшет өсірудің практикалық дағдыларын меңгеріп, мектеп аумағында демонстрациялық тәлімбақ құрылған.
Жобаның келесі кезеңінде мұндай шағын ауылдық тәлімбақтарды дамыту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл бір жағынан өңірді жергілікті климатқа бейімделген көшетпен қамтамасыз етсе, екінші жағынан ауыл тұрғындары үшін қосымша мүмкіндік қалыптастыруы мүмкін. Ол үшін тұрғындар өсірген көшеттерді орман шаруашылықтарының сатып алуына мүмкіндік беретін құқықтық және экономикалық тетіктер қажет.
Ағаш отырғызудан жүйелі көгалдандыруға дейінгі жол
GREEN SCIENCE KZ тәжірибесі қаланы көгалдандыруда негізгі мәселе отырғызылған ағаш санында ғана емес екенін көрсетіп отыр. Қай өсімдік таңдалды, ол қандай топыраққа отырғызылды, бірнеше жылдан кейін сақтала ма, оны күтіп-баптауға қанша қаражат кетеді және көшет қайда өсірілді – міне, түпкі нәтиже осы факторларға тәуелді.
Сондықтан жобада ғылымның міндеті өсімдіктің түрін ұсынумен аяқталмайды. Ғылыми ұсыным әкімдіктің жоспарына, тәлімбақтың жұмысына және мердігердің нақты ісіне жеткенде ғана оның нәтижесін көруге болады.
Осы тұрғыдан GREEN SCIENCE KZ-тің алғашқы жылы бірнеше бағытты қатар байланыстырып отыр. Ғалымдар өңірлерге арналған өсімдік ассортиментін әзірледі, жергілікті мамандар оқытылды, Оралда ғылыми ұсынымдардың практикаға ене бастағаны байқалды, Атырауға нақты өсімдік түрлері ұсынылды, ал Ұлытауда жергілікті тұрғындарды көшет өсіруге тарту тәжірибесі қолға алынды.
Жоба 2027 жылы да жалғасады. Оның келесі кезеңіндегі негізгі мәселенің бірі – осы тәжірибені жекелеген семинарлар деңгейінде қалдырмай, қалаларды көгалдандыруда қолданылатын тұрақты жүйеге айналдыру.