«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Берік Беркімбаев азаматтарға заң нормаларын қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу үшін құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындауды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол бұл мәселені Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Конституция ережелерін азаматтарға кеңінен түсіндіруге және оның маңызын насихаттауға ерекше назар аударғанын атап өтті.
– «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы барлық құзырлы мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыты болуы тиіс деп есептейді. Бүгінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты көптеген нормативтік құқықтық актілер қабылдануда. Алайда заң нормаларын халыққа жеткізумен ғана шектелмей, олардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, іс жүзінде қолдану тәртібін көрсету маңызды, – деді Берік Беркімбаев.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме бергенімен, бұл жұмысты жалпы үйлестіретін орган нақты айқындалмаған.
– Заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме береді. Алайда бұл жұмысты жалпы үйлестіріп, бірыңғай тәсіл қалыптастыратын мемлекеттік орган нақты айқындалмаған. Соның салдарынан құқықтық түсіндіру жұмысы әртүрлі нысандар мен тәсілдер арқылы жүргізілуде. Сондықтан бірыңғай үйлестіруші органды айқындап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ортақ әдістеме әзірлеу орынды деп санаймыз, – деді депутат.
Берік Беркімбаев құқықтық түсіндіру жұмысының нәтижесін өткізілген іс-шаралардың санымен ғана бағаламау қажет екенін де айтты.
– Сонымен қатар құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігі өткізілген кездесулердің, жарияланымдар мен іс-шаралардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Негізгі көрсеткіш – азаматтардың заң нормаларын қаншалықты түсінетіні, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қажетті құқықтық ақпаратты қолжетімді түрде ала алуы, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, бүгінде азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін және берілген түсіндірмелердің сапасын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ.
– Алайда бүгінде азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және берілген түсіндірмелердің сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ. Бұл мәселені ортақ әдістеме бойынша тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болады. Оның нәтижелері түсінуге қиын заң нормаларын анықтап, құқықтық түсіндіру жұмысындағы проблемаларды нақтылауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, – деді Берік Беркімбаев.
Осыған байланысты «Әділет» фракциясы Әділет министрлігіне үш ұсыныс жолдады.
– «Әділет» фракциясы «Заң мен тәртіп» қағидаты жүйелі құқықтық ағарту және түсіндіру жұмысымен қатар жүруі тиіс деп есептейді. Осыған байланысты: құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындап, мемлекеттік органдар үшін ортақ әдістеме әзірлеу мәселесін қарастыруды; азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін және түсіндіру сапасына қанағаттануын бағалайтын тұрақты әрі объективті әлеуметтік зерттеулер жүргізу тетігін енгізуді; зерттеу нәтижелері негізінде азаматтарға түсіну қиын заң нормаларын анықтап, оларды түсіндіру сапасын арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды сұраймыз, – деді депутат.