Мобильді қоғамдық қабылдау: «Әділет» партиясы Жаңаталап ауылы тұрғындарының мәселелерін тыңдады

Мобильді қоғамдық қабылдау тұрғындардың өтініштерін өздері тұратын жерде тыңдап, қажетті мамандармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

«Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы Жаңаталап ауылында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша мобильді қоғамдық қабылдау өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қабылдауға «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қуантай Бисалиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Әмірғалиева, мемлекеттік органдардың өкілдері мен заңгерлер қатысты. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, сұрақтарына жауап алды. Қабылдауға барлығы 25 тұрғын келіп, өтініш-тілектерін айтты. Олар жер телімі, коммуналдық қызметтер, бау-бақша, денсаулық, жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Мамандар әр өтініш бойынша түсініктеме беріп, мәселені шешудің ықтимал жолдарын қарастырды.

Мобильді қоғамдық қабылдау тұрғындардың өтініштерін өздері тұратын жерде тыңдап, қажетті мамандармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай формат ауыл тұрғындарының уақытын үнемдеп қана қоймай, жергілікті жерде шешімін күткен мәселелерді анықтап, оларды жауапты органдардың назарына жеткізуге жол ашады.

– Тұрғындардың мәселесін өздері тұратын жерде тыңдап, шешу жолдарын бірге қарастыру – «Әділет» партиясының маңызды жұмыстарының бірі. Бүгін Жаңаталап ауылында өткен мобильді қоғамдық қабылдауға 25 тұрғын келіп, өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды. Жер телімі, коммуналдық қызметтер, бау-бақша, денсаулық және жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Әрбір өтінішті мұқият тыңдап, оның шешілуіне ықпал етуге тырысамыз. Қабылдау барысында айтылған мәселелер тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерімен және заңгерлермен бірге қарастырылып, тұрғындарға қажетті түсініктемелер берілді. Өтініштер назардан тыс қалмайды, олардың орындалу барысын партия бақылауында ұстайды.

Мобильді қабылдауларды алдағы уақытта да жалғастырып, Атырау қаласының өзге ауылдық округтеріне және аудандарға баруды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы жерде қабылдау өткізіп, мәселелерін жауапты мамандарға тікелей жеткізуге мүмкіндік жасау, – деді «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қуантай Бисалиев.

 Қабылдау барысында айтылған ұсыныстар мен өтініштер тиісті тәртіппен қаралып, құзырлы мекемелермен бірлесіп зерделенеді. Партия филиалы алдағы уақытта да тұрғындармен ашық байланыс орнатып, олардың мәселелерін шешуге атсалысуды жалғастырады.

Баян Жанұзақова