Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинде айтқан мәлімдемесін Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты тұрғысынан қарастырған жөн, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы саясаттанушы, сарапшы Рустам Жасұзақов айтты.
Оның пікірінше, Мемлекет басшысының сөзін бағалағанда Президенттің кәсіби және дипломатиялық тәжірибесін ескеру маңызды.
– Мемлекет басшысының артында дипломатиялық өкілдіктердегі қызмет, Сыртқы істер министрлігін басқару, халықаралық келіссөздерге қатысу және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіндегі тәжірибе бар. Мұндай деңгейдегі саясаткер үшін не айтылғаны ғана емес, оның қай жерде, кімге және қандай жағдайда айтылғаны да маңызды. Сондықтан мәлімдеменің қай жерде жасалғанына да мән берген жөн. Бұл жағдайда сөз Еуропаның негізгі саяси орталықтарының бірі – Берлин туралы болып отыр, – деді Рустам Жасұзақов.
Саясаттанушының айтуынша, Астана ұзақ жылдар бойы сыртқы саясатын көпвекторлылық қағидаты негізінде жүргізіп келеді.
– Бұл барлық тараптан бірдей қашық болу деген сөз емес. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Еуропа, Қытай немесе басқа да күш орталықтарының арасынан бірін таңдауды білдірмейді. Керісінше, бұл – ең алдымен өз ұлттық мүддемізді басшылыққа ала отырып, барлық тараппен прагматикалық қарым-қатынас орната білу, – деді ол.
Рустам Жасұзақовтың пікірінше, Президенттің Берлинде айтқан сөзін де осы тұрғыдан қарастырған жөн.
– Бір жағынан, Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік серіктестерге Астананың Берлинмен және Еуропалық одақпен қарым-қатынасын дамытуы Мәскеумен стратегиялық байланыстан бас тартуды білдірмейтінін аңғартты. Екінші жағынан, еуропалық аудиторияға бұдан да күрделі ой айтылды: Кремльдің қазіргі саясатына деген көзқарас қандай болғанына қарамастан, Ресей Еуразия географиясы мен қауіпсіздік архитектурасының бір бөлігі болып қала береді. Бұл ерте ме, кеш пе дипломатиялық диалог бәрібір қажет болады дегенді білдіреді, – деді сарапшы.
Ол Ресей Президентінің тұлғасына берілген жоғары бағамен қатар, Мемлекет басшысының әскери іс-қимылдарды тоқтату, дипломатияға көшу және саяси шешім іздеу қажеттігі туралы да айтқанына назар аударды.
– Бұл жерде міндет қандай да бір тарапты қолдау емес, барлық тараппен бір мезгілде сөйлесуге мүмкіндік беретін кеңістікті сақтап қалу болды. Қазақстан үшін Ресей – ең ірі көршілерінің бірі әрі стратегиялық серіктес. Еуропа – сауда, инвестиция және технологиялық ынтымақтастықтың аса маңызды бағыттарының бірі. Осындай географиялық жағдайда сыртқы саясат міндетті түрде тепе-теңдікті талап етеді. Сондықтан бұл жағдайда көпвекторлылықты әр тараппен сөйлесе білу және диалогты сындарлы арнаға бағыттау қажеттігі деп қарастыруға болады, – деді Рустам Жасұзақов.