Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент елімізде Баварияның жетекші компаниялары, соның ішінде Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-герман экономикалық қарым-қатынасының келесі кезеңі озық технологиялармен, жоғары технологиялық өндіріспен және жаңа нарықтарды бірлесе игерумен байланысты болуға тиіс.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық компания жетекшілеріне елімізде инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдай, атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығы туралы кеңінен мағлұмат берді.
Содан кейін Президент өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.
– Озық өндірісті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады.
– Неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың жеткізілу жолдары сенімді және әр тараптан болуына мүдделі. Қазақстан бұл орайда мыс, титан, алюминий, берилий, тантал, ниобий секілді элементтермен ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ете алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев микроэлектроника өндірісіндегі ынтымақтастық перспективасына айрықша тоқталды.
– Бавария Infineon Technologies, Siltronic, Rohde & Schwarz секілді дүние жүзі мойындаған компанияларды біріктіріп, жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника саласында Еуропадағы ең үздік экожүйелердің бірін қалыптастырды. Қазақстанға ауқымды микросхема өндірісінен гөрі отандық өнеркәсіптің дамуына тікелей септігін тигізетін қосылған құны жоғары өнімдер шығарудан бастаған оңтайлы болар еді. Энергетика, тау-кен, металлургия, көлік және өңдеу өнеркәсібі салаларына үлкен қуат ағындарын реттейтін электроникалар, датчиктер, өлшем жүйелері мен автоматтандырылған күрделі басқару жүйесі көбірек қажет. Осы орайда, Bavarian Chips Alliance қатысуымен арнайы серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Осының аясында тиісті қазақстандық компанияларды, ғылыми-зерттеу мекемелерін және даму институттарын бавариялық жартылай өткізгіштер өндірісінің экожүйесімен сабақтастыруға болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар өте маңызды.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық бизнесмендерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бойында өнеркәсіп және логистика хабтарын бірлесе қалыптастыруға шақырды.