Мемлекет басшысы ыстық ықыласы үшін Германия Канцлеріне ризашылығын білдірді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады. Екі ел үкіметтерінің өзара ықпалдастықты кеңейтуге барынша жағдай жасайтыны атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Германия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің және жетекші инвесторлардың қатарына кіреді. Өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау, химия өнеркәсібі секілді қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын салаларда серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек, тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Халықаралық құрылымдар, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты.
Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның стратегиялық серіктестігі берік саяси диалогқа, ортақ экономикалық мүддеге және халықтар арасындағы тығыз байланысқа арқа сүйейтінін айтты.
– Өзара сауда-саттық көлемі өткен жылы 13,4 пайызға ұлғайып, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 миллиард долларды межеледі. Осы ретте германиялық инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Бүгінде бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар.
Мемлекет басшысы Германияның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы елеулі рөліне назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде білім мен ғылым саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия сапары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолындағы оң нәтижелерге жетуге ықпал етеріне сенім білдірді. Келіссөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады.
Мемлекет басшысы сапарды қорытындылай келіп, Германия Федералдық Канцлерімен мазмұнды келіссөздер аясында тараптар маңызды келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар. Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Басқосу соңында Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.