Сонымен қатар ДСҰ аясындағы Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістер енгізу туралы ратификациялық заң екінші оқылымда қабылданды.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Құжаттың негізгі ережелерін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды.
– Келісімнің мақсаты – мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін құқықтық негіз қалыптастыру. Келісім ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, сондай-ақ заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы бірлесіп күресуге мүмкіндік береді. Ынтымақтастық аясында жедел ақпарат алмасу және озық тәжірибемен бөлісу көзделген, – деді Санжар Әділов.
Сондай-ақ аталған келісімде ұлттық заңнаманың мүддесін қорғайтын бірқатар шектеу қарастырылған. Атап айтқанда, сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне зиян келтіруі мүмкін болса немесе ұлттық заңнамаға қайшы келген жағдайда тараптар құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады.
Талқылау барысында депутаттар Қазақстан мен Қатар арасындағы келісімді іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, сондай-ақ келісімнің құрылымы мен өзара іс-қимылдың негізгі тетіктері туралы мәселелерді көтерді.
Ішкі істер министрінің орынбасары бүгінде Қазақстанның әлемнің 23 мемлекетімен осындай келісім жасасқанын атап өтті. Бұл қатарда Франция, Италия, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдер бар. Құжатты ратификациялау Қатармен де осы бағыттағы жүйелі жұмысты жолға қоюға жол ашады.
Құрылтай сондай-ақ «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылданды.
Қосымша баяндама жасаған депутат, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Берік Беркімбаевтың айтуынша, құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында адамдарды іздестіру саласындағы өзара іс-қимылды жетілдіруге бағытталған.
Қазір бірқатар ТМД мемлекеттерінің арасында визасыз режимнің қолданылуы азаматтардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беріп отыр. Алайда мұндай мүмкіндікті құқық қорғау органдарынан бой тасалап жүрген адамдар да пайдалануы ықтимал. Осыған байланысты мемлекеттердің құзыретті органдары арасында жедел ақпарат алмасудың маңызы артып отыр.
– Хаттама Шартқа қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары арасында ақпарат алмасудың қазіргі заманғы цифрлық нысандарын құқықтық негізде бекітуді көздейді. Мұндай тетіктерді халықаралық-құқықтық тұрғыда бекіту мемлекетаралық өзара іс-қимылды неғұрлым жедел және тиімді етуге ықпал етеді, – деді Берік Беркімбаев.
Аталған құжатты талқылаған депутаттар осы келісімге қосылмаған мемлекеттердің аумағында іздестіруді ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан мен ТМД-ға қатысушы басқа мемлекеттер арасында ақпарат алмасу тәртібі туралы мәселелерді қозғады.
Отырыста «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң да екі оқылымда қабылданды. Құжат Қазақстанның Будапешт конвенциясы ретінде белгілі Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияға қосылуына бағытталған.
Қосымша баяндама жасаған Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ қазір киберқылмыстардың трансшекаралық сипатқа ие екеніне назар аударды. Оның айтуынша, қылмыс жасаған адам, жәбірленуші, сервер, провайдер және тергеп-тексеруге қажетті электрондық деректер бір мезгілде әртүрлі мемлекетте орналасуы ықтимал. Мұндай жағдайда тергеп-тексерудің тиімділігі халықаралық өзара іс-қимылдың жеделдігіне және цифрлық дәлелдемелерді уақытылы сақтау мүмкіндігіне тікелей байланысты.
– Конвенция компьютерлік қылмыстар туралы істер бойынша ынтымақтастықтың және электрондық дәлелдемелермен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық тәсілдерін қалыптастырады. Оның Қазақстан үшін практикалық маңызы – қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарымен заңды өзара іс-қимыл арналарының кеңеюінде, бұл соның ішінде, компьютерлік деректерді жедел сақтау және кейіннен оларды белгіленген тәртіппен алу қажеттілігі туындаған кезде көрінеді, – деді Үнзила Шапақ.
Конвенцияға қосылу қолданыстағы екіжақты шарттар мен құқықтық көмек көрсетудің басқа да халықаралық тетіктерін алмастырмайды. Керісінше, оларды киберқылмысқа қарсы күрестің мамандандырылған құралдарымен толықтырады.
Депутаттар сондай-ақ Қазақстан азаматтарының дербес деректерін қорғау кепілдіктері және шетелдік құқық қорғау органдарының бұл деректерге қол жеткізу шарттары, Еуропа Кеңесінің Будапешт конвенциясы мен БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясының айырмашылықтары, шетелдік құқық қорғау органдарының еліміздің аумағында қызмет ету тәртібі туралы сұрақтар қойды.
Үнзила Шапақ халықаралық ынтымақтастық ұлттық заңнаманы, процестік кепілдіктерді, адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып жүзеге асырылатынын атап өтті. Конвенция шетелдік органдар Қазақстанның ақпараттық жүйелеріне бақылаусыз қол жеткізеді дегенді, сондай-ақ мемлекеттік өкілеттіктер шетелдік тарапқа беріледі дегенді білдірмейді.
Бұған қоса, Құрылтай «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.
Құжат бойынша баяндама жасаған Құрылтай депутаты, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Динара Райханова заң жобасының 16 қыркүйекте бірінші оқылымда мақұлданғанын атап өтті.
Құжат Қазақстанның Көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу бойынша ДСҰ қағидаларына қосылуына бағытталған. Оның негізгі мақсаттары – қызмет нарығында тең жағдай қалыптастыру, рұқсат құжаттарын беру кезінде біліктілік талаптары мен мерзімдерді белгілеудің ашықтығын арттыру, қызмет нарығын мемлекеттік реттеуді жетілдіру және ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара іс-қимыл аясында отандық қызмет көрсетушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.
Депутат Динара Райханованың айтуынша, ДСҰ қағидаларына қосылу Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инвесторлардың сенімін нығайтуға және бәсекеге қабілетті қызметтер нарығын дамытуға бағытталған.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.
Құрылтай отырысының қорытындысы бойынша Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау мәселесіне қатысты БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов пен Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ және ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай жауап берді.