Әлеуметтік мәселелер шешімін табады

«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындар еліміздің әр өңірінен денсау­лық сақтау, әлеуметтік көмек және еңбек дауларына қатысты мәселелермен жүгінді.

Азаматтарды Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек офлайн және бейнебайланыс арқылы қабылдады. Олар жер мен сот дауларына және мемлекеттік орган шешімдерінің орындалуына қатысты мәселелерін жеткізді.

Жастар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамту мәсе­лелері де көтерілді. Атап айтқанда, мем­лекеттік грантпен білім алып, маман­дығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген түлектердің жағдайы сөз болды. Міндетті еңбек өтеу талабы орындалмаған жағдайда оқу грантына жұмсалған қаражатты қайтаруға тура келеді.

Кездесуде баспанаға қолжетімділік тақырыбы да қозғалды. Семей қаласының тұрғыны Гүлбаршын Төлеубекова бірнеше жылдан бері мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотека рәсімдей алмай жүр. Бірде менеджердің қателігінен баспана алу мүмкіндігінен қағылса, енді «табысы­ңыз жеткіліксіз» деген желеумен ипо­текалық тұрғын үйге қол жеткізе алмай отыр.

– Мен жалғызбасты анамын. Отба­сымды қамтамасыз ету үшін бірнеше жерде жұмыс істеймін. Соған қарамастан баспана алуға табысым жеткіліксіз деген жауап алып жүрмін. Осыған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алуға бірнеше рет өтініш бердім. Бір жолы мүмкіндігім болып тұрған кезде менед­жердің қателігінен өтінішімнен бас тар­тылды. Осы мәселені шешуге көмек­тес­сеңіздер, – деді Гүлбаршын Төлеубекова.

Кендебай Адамбек азаматтың өтініші жан-жақты зерделенетінін айтты. Депутат бұл мәселені тиісті мемлекеттік орган­дармен бірлесе қарастырып, шешу жолдарын пысықтамақ.

– Бүгін көтерілген мәселелер 1-2 адам­ның ғана мәселесі емес, бүкіл халық­тың көкейінде жүрген сұрақтар. Сондықтан алдымен зерделеп, әріптестерімізбен ақылдасып, мүдделі министрліктерден ақпарат алып, барынша шешуге тырыса­мыз. Бұл азаматтардың ешқайсысы ерік­кеннен келіп отырған жоқ. Олар әділеттілік іздейді. Ал әділеттілік – біздің партия­мыздың негізгі идеясы. Бұл түйткілдер нақты шешімін таппайынша жағдай менің бақылауымда болады. Ешқандай мәселені жарым жолда қалдырмаймыз, – деді Кендебай Адамбек.

«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі еліміздің барлық өңірінен келген азаматтарды қабылдауды жалғастырады. Тұрғындар мұнда өз мәселелерін айтып, заң аясында кеңес алып, олардың шешілуі бойынша көмек ала алады.

Бекбол АМАНГЕЛДІ