Инвестициялық әріптестіктің жаңа жобасы

Түркістанда Қазақстан – Қытай инвестициялық әріптестігінің нақты нәтижесі көрініс тапты. Нәтижесінде Түркістан облысында синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін ірі зауыттың құрылысы басталды.

Түркістан өңірінің экономикалық дамуында жаңа индустриялық кезең қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары облыста инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі сипат алды. Енді осы қатарға агрохимия саласындағы ірі жоба қосылды.

Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта синтетикалық аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың іргетасы қаланды. Жобаның құны – 200 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын толық қуатына шаққанда жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак және 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіретін болады. Өндіріс іске қосылған кезде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаның стратегиялық маңызы оның өндірістік көрсеткіштерімен ғана шектелмейді. Бұл – Қазақстанның аграрлық секторына қажетті маңызды өнімдерді ішкі нарықта өндіруге, импортқа тәуелділікті азайтуға және ауыл шаруашылығы үшін қажетті тыңайтқыштардың тұрақты қорын қалыптастыруға бағытталған қадам.

Зауыт құрылысының басталуы Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынты­мақтастықтың өңірлік деңгейдегі нақты нәти­жесін де көрсетеді. 25 қыркүйекте Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан – Қытай инвестициялық фо­румы барысында елімізде бірқатар жаңа жо­баны іске асыру жөніндегі келісімдерге қол қойыл­ған болатын. Арада көп уақыт өтпей, сол келісімдердің бірі Түркістан облысында нақты өндірістік жобаға ұласып отыр. 

Іргетас қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жобаның инвесторы Чжан Цихай, компания өкілдері, сала мамандары және қоғам өкілдері қатысты. Облыс әкімі өз сөзінде жаңа кәсіпорынның өңірдің индус­триялық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.

– Бүгін біз Түркістан облысының индустрия­лық дамуы үшін айрықша маңызы бар жаңа өндірістік жобаның негізін қалап, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам жасап отырмыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Ол Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін күшейтуге, отандық өндірісті дамытуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. Түркістан облысында іске асырылып жатқан жаңа жоба – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының бір көрінісі.

Айта кетейік, Түркістан облысының ерек­шелігі оның аграрлық әлеуетінің жоғары болуын­да. Өңір еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жетекші аймақтарының бірі саналады. Сондықтан мұнда агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек өнім көлемін арттырумен шектелмей, өндірістің толық тізбегін қалыптастыруды талап етеді. Бұл бағытта облыста бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Отырар ауданы мен Түркістан қаласында мақтаны жинаудан бастап оны терең өңдеуге, жіп пен дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі мақта-тоқыма кластері қалыптасты. Ендігі маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығына қажетті ресурстардың өзін өңірде өндіру. Тыңайтқыш өндіретін жаңа зауыттың іске қосылуы осы міндетті шешуге мүмкіндік береді.

Синтетикалық аммиак пен карбамид – ауыл шаруашылығында кең қолданылатын негізгі өнімдердің бірі. Олардың отандық өндірісінің жолға қойылуы аграрлық сектордың қажеттілігін тұрақты қамтамасыз етуге, логистикалық тәуекелдерді азайтуға және ішкі нарықтағы ұсынысты арттыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сауран ауданындағы жоба Түркістан облысының аграрлық өңірден агроөнеркәсіптік өндіріс пен химия өнеркәсібін ұштастыратын жаңа экономикалық орталыққа айналу бағытын айқындай түседі.

Түркістан – Орталық Азия нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін, көлік-логистикалық байланыстары қалыптасып келе жатқан өңір. Мұндай әлеует шетелдік инвесторлар үшін де, отандық бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Қытаймен инвестициялық байланыстардың тереңдеуі осы мүмкіндіктерді жаңа деңгейге шығарып отыр. Екі ел арасындағы келісімдер енді тек ауқымды форумдар мен ресми кездесулер шеңберінде қалып қоймай, өңірлердегі нақты өндірістерге айналуда. Түр­кістан облысында жүзеге асып жатқан агро­химиялық жоба соның бір мысалы.

Түркістанның бұл үдерістегі орны да ерекше. Тарихи тұрғыдан түркі әлемінің рухани орталығы саналатын өңір бүгінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға бағытталған жаңа бастамалардың да маңызды алаңына айналып келеді. Бұл облыстың өңірлік көшбасшылық рөлін жаңа мазмұнмен толықтырады.

Бүгінде Түркістан облысы үшін негізгі міндеттердің бірі – инвестиция көлемін арттырумен қатар оның сапасын көтеру. Яғни капитал нақты өндіріс орындарына келіп, жаңа технология әкеліп, жергілікті кадрлардың әлеуетін арттырып, қосылған құнды өңірдің өзінде қалыптастыруы қажет. Қазақстан  – Қытай арасындағы келісімдердің өңірлік деңгейдегі нақты нәтижесі ретінде бұл жоба Түркістанның жаңа индустриялық келбетінің қалыптасуына өзіндік үлес қоспақ.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы