Жылу бекеті жұмысын бастады

Абай облысындағы Байбура асуында еліміздегі алғашқы заманауи жылыту бекеті іске қосылды. Қыс қаһарына мінгенде жолда қалған жүргізуші мен жолаушы енді қар құрсауында жалғыз қалмайды.

Байбура асуында елімізде теңдесі жоқ заманауи жылыту бекеті ашылып, төтенше жағдайда 20 адамды бір мезетте қабылдайтын қауіпсіз орынға айналды. Бұл мақсаттағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын таппақ.

Қарлы асудың қатері

Байбура асуының қысқы мінезі бел­гілі. Таулы аймақта қатты жел со­­ғып, ұзаққа созылған боран мен қарлы бұр­­қасын көлік қозғалысына айтарлық­тай қауіп төндіреді. Халықаралық «Омбы – Майқапшағай» автомобиль жолының осы бөлігінде ауа райы күрт бұзылған кез­де жүздеген адам жолда қалған. Сон­­дық­тан мұнда жылыту бекетінің салынуы – жай ғана инфрақұрылымдық ны­санның іске қосылуы емес, адам қауіп­сіздігіне бағытталған нақты шара. Жаңа бе­кеттің ашылуы­на Абай облысының әкі­мі Берік Уәли мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қа­тысты. Абай облысының әкімі Берік Уә­ли жол инф­рақұрылымының сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық ба­сым­дық­тардың бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Ке­мелұлы Тоқаев көлік-логистика саласын стратегиялық басымдықтардың бірі ре­тінде атап өтіп, автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келе жатыр. Жол бойындағы инфрақұрылымның, әсіресе төтенше жағдай кезінде дайын болуының маңызы өте зор. Жаңадан салынған Бай­бу­ра жылыту пункті – осы бағыттағы нақ­ты жұ­мыстардың нәтижесі», – деді Берік Уәли.

Нысан биыл мамыр-қыркүйек ай­ларын­да жаңғыртылды. Мұнда 20 адамға арналған жылыту және демалу орны, асхана, санитарлық тораптар мен жуы­ну бөлмелері бар. Екі арнайы техника­ға арналған жылы ангар, құм және тайғақ­қа қарсы материалдар сақталатын 350 текше метрлік жабық қойма да салынған. Ал бекет аумағындағы тікұшақ алаңы төтенше жағдай кезінде құтқарушылар мен медицина мамандарының жұмысын жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

126 көлік қар құрсауында қалған

Байбурадағы жаңа нысанның не үшін қажет екенін екі жыл бұрын­ғы оқиғадан да аңғаруға болады. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 16 ақпандағы қат­ты боран кезінде асу маңында 126 кө­лік қар құрсауында қалған. Оның ішінде 384 адам болған. Адамдарды құтқару жұ­мыстарына екі Ми-17 тікұшағы жұмылдырылған еді. Байбура асуының қысқы жағдайын жергілікті тұрғындар да жақсы бі­леді. Көкпекті ауылының тұрғыны Сләм­бек Мұқашевтің айтуынша, бұрын бо­ран кезінде жолда қалған адамдардың түнейтін жері болмаған.

«Қыс уақытында осы жерде боран, қа­лың қар болады. Талай адам осы жерде қыста түнеп қалған. Бейнет көрді. Бүгін, міне, құрылыс бітіп, сал­та­натты түрде ашылып тұр. Халықтың, жұрт­шылықтың атынан рақмет айтамыз», – деді Сләмбек Мұқашев.

Бір ғана осы оқиға қысқы жол қауіпсіздігінің ауқымын көрсетеді. Боран кезінде жолды тазалау жеткіліксіз. Көлік қозғалысы тоқтаған жағдайда адамдарды қабылдайтын, жылытып, қажетті көмек көрсететін инфрақұрылым да дайын болуы керек. Байбура бекеті дәл осы міндетті атқаруға арналған. Абай облысының әкімі Берік Уәли нысанның басты мақсаты азаматтарға қиын сәтте қауіпсіз жағдай жасау екенін атап өтті.

«Ең бастысы – қиын жағдайда жол бойында қалған азаматтың жылы, қауіпсіз жерге орналасып, қажетті көмек алуы жә­не жақындарына аман-есен оралуы», – деді облыс әкімі.

Жылыту бекеті Қытай Халық Респуб­ли­касы – Майқапшағай – Зайсан қаласын айналып өту – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасы бағытымен өтетін KAZ07 республикалық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан. Нысан «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 906-1321 шақырымын реконструкциялау барысында үнемделген бюджет қаражаты есебінен жаң­ғыр­тылды. Сонымен қатар Байбура асуын­дағы 40 шақырым жол қайта жаңартылды. Мұнда үш көпір мен 51 су өткізу құбыры салынды. 42 665 текше метр тос­қауыл қор­шауы орнатылып, 425 жол бел­гісі қойыл­ды.

Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Қазір қардан қорғайтын қоршаулар мен су бұру науаларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы бір мақсатқа – қысқы кезеңде жолдың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасатынын айтты. Оның мәліметінше, «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Семей – Қалбатау» жолдарындағы жұмыстар нәтижесінде облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 80 пайыздан асқан.

«Үш жыл бұрын облыс құрылғанда жол­дың қанағаттанарлық жағдайы 38 пайыз болса, бүгін 80 пайыздан артық. Үш жыл­дың ішінде осындай көрсеткішке же­тіп отырмыз», – деді Дархан Иманашев.

Ұлттық компания сатып алған 1 800-ден астам техниканың кемінде 10 пайызы Абай облысына шоғырланған. Бұл қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау мен төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Өңірдегі жолдардың жағдайын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Абай облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың 447,5 шақырымында жөндеу жүр­гі­зіліп жатыр. Оның 188 шақырымы қай­­та жаңғыртылса, 259,5 шақырымында ор­та­ша жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың тағы 222,6 шақырымы ор­таша жөндеумен қамтылған. Жол қауіпсіздігін күшейту үшін өңірде 2 500-ден астам жол белгісі орнатылып, 4 812 шақырым жол таңбасы жаңартылды. 13 шақырым жануарлардан қорғайтын қоршау, жаяу жүргіншілер қоршаулары мен дөңгелек тосқауылдар қойылды. Сонымен бірге облыс жолдарында 2 865 бейнекамера жұмыс істейді. Яғни жол қауіпсіздігі тек асфальттың сапасына келіп тірелмейді. Жол бойындағы қоршау, белгі, жарықтандыру, бейнебақылау, арнайы техника және төтенше жағдайда паналайтын орын – қауіпсіздіктің біртұтас жүйесі. Байбурадағы жаңа жылыту бекеті осы жүйенің маңызды бөлігіне айналмақ.

Боранды тоқтату мүмкін емес. Қарлы бұрқасынға да тосқауыл қою қиын. Бірақ табиғаттың тосын мінезінен зардап шек­пеу үшін алдын ала жағдай жасауға болады. Байбурадағы жылыту бекетінің мәні де осында.

Енді қысқы боранда жол қозғалысы тоқ­тап, көлік легі кідірген жағдайда жүргізушілер мен жолаушылардың па­налайтын жылы орны бар. Арнайы тех­ника жұмыс істей алады. Қажет болса, құт­қару және медициналық көмек те ұйымдастырылады. Бір қарағанда, бұл – жол бойындағы шағын ғана бекет. Ал шын мәнінде, ол боран кезінде адам өмі­рін сақтауға қызмет ететін маңызды қауіп­сіздік нүктесі.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы