Қамданған ел қыстан қысылмас

Қазгидрометтің болжамынша, осы аптада елдің басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауып, найзағай ойнап, жел күшейеді.

Елдің солтүстік өңірлерінде күн суып, температура 1-3°C-қа дейін түсіп, үсік ұруы да мүмкін. Оңтүстік өңірлерде, таулы аудандарда ауа температурасы +15°C-тан +8-қа дейін төмендейді. Сондықтан Қазақстанда жылыту маусымы басталып та кетті. Президент халқымыз қыста қараңғылық құшағында қалмауы үшін электр жүйелерін де толық дайындыққа келтіру міндетін қойған. Бұған өңірлердің даярлығы қандай?

Дәл болжам серпінді жұмысқа сеп

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бол­жамдарының дәлдігін арттыру үшін «Қазгидромет» ауа райын модельдеуде енді жасанды интеллектіні қолдана бастады. Ол елде WRF сандық моделі, Weather Research and Forecasting атты ауа райын цифрлық болжау моделі қолданылатынын, соның нәтижесінде 48 сағатқа және 10 тәу­лікке дейін болжам жасалынатынын нақтылады. ЖИ-ді серік еткен синоп­тиктер­дің жорамалдары жақсарды ма, шындық ауылына қаншалықты жақын қонды, оған жұрттың өзі алда куә болмақ. Себебі олар биылғы күз жылы, бірақ жауын-шашынды болады деп отыр.  

– Ауа райы болжамына сәйкес, алдағы қазан айында республиканың басым бө­лігінде айлық ауа температурасы қалыпты нормадан 1-2°С-қа жоғары, жылы болады. Шығыс Қазақстан облысында, Павло­дар облысының солтүстік-шығыс жар­тысын­да және Абай облысында нормаға жуық болады деп күтіледі. Қазан айында елі­міздің көп бөлігінде жауын-шашын мөл­шері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында – нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай об­лысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанды, – деді Ә.Қуантыров.

Ұзақмерзімді болжамға сәйкес, күздің соңғы айы – қараша да «жылы болады деп күтіледі»: Қазгидромет республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деген ұстанымда. Десек те, күздің бастапқы айындағы күннің суытуы елдің жекелеген облысында жылыту маусымын бастап кетуге жеткілікті негіз болыпты. Сондықтан кеше Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді, энергия көздері мен жылу желі­лерінде жөндеу жұмыстарын түпкілікті аяқтауды қайталап тапсырды. Өңірлердің алды жылыту маусымына кіріп те үлгерді. Алдымен жылу әлеуметтік нысандарға ж­і­беріліп жатқан көрінеді. 

– Әкімдерге дайындық жұмыстарын же­делдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеу­меттік нысандарға – балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емха­на­ларға жылу берілуге тиіс. Жылыту мау­сымын уақытылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең – соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке ба­қылауға алуы керек, – деп қадап айтты Үкімет басшысы.

Дайындық қандай деңгейде?

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметіне жүгінсек, жылыту қазірдің өзінде 5 өңірде – Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан және Қостанай облыстарында берілген. Мысалы, Павлодар об­лы­сында 14 қыркүйектен бері ресми түр­де жылу жіберіле бастады. Ол осы ап­та­ның соңына дейін орталық, батыс жә­не шығыс өңірлерде, Астанада жылу іс­ке қосылады деп күтіліп отырғанын жет­кізді. 

Бас энергетик орынбасарының дерегінше, Қазақстан бойынша энергия нысандарына 4,9 млн тонна көмір жеткізілді. Бұдан бөлек, 127 мың тонна мазут қоры дайындалды. Президент тапсырмасына сай, 17 мың шақырым электр беру желісі то­лық жөндеуден өтті. Төрт қосалқы стан­садағы жұмыстар аяқталуға жуықтаған. «Жы­лу трассаларының жалпы дайындығы 99%-ды құрайды. Яғни 377 ша­қырым­ның 374 шақырымы дайын», – деді Қ.Тұтқышбаев.

Аталған мақсаттарға 196,8 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде «Энергетикалық жә­не коммуналдық секторларды жаңғыр­ту» ұлттық жобасының қаражаты да бар. Науқан қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозуы 48%-ға дейін төмендеу­ге тиіс. Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау бойынша шұғыл міндеттерді шешу үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге де бағытталды. Осы жылы электр стансаларын реконструкциялауға барлығы 384 млрд теңге қарастырылған, бұл өткен жылдың деңгейінен 9%-ға жо­ғары. 2025 жылы 348 млрд теңге шығындалған еді.

Қазақстанда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған елді мекен жетерлік. Тіпті қалаларда пеш жағатын үйлер бар. Қыста олардың жағдайы не болады? Министрліктің хабарлауынша, халық үшін көмір жеткізуді әкімдіктердің, көмір өндіруші кәсіпорындардың, операторлардың және ҚТЖ-ның қатысуымен істейтін Республикалық штаб үйлестіреді. Алдағы маусымда жеке тұтынушылардың сұранысы 7,3 млн тонна болады деп жос­пар­ланыпты.

Республика бойынша барлық жос­парға енген білім беру және денсаулық сақ­тау нысандарында, қазандықтар мен тұр­ғын үйлерде: атап айтқанда, 10 913 бі­лім беру нысаны, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үйде жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының аяқталғаны белгілі болды.

Қай аймақ алаңдатады?

Бұған дейін проблемалы саналып, ерекше бақылауға іліккен Петропавл қа­ла­сында 3 негізгі жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта желілерді су қысымымен сынау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. «Айрықша назарға» алынған Степногор қаласында жылыту маусымы 25 қыр­күйекте басталып кетіпті: шағын ау­дан­дардағы тарату желілері дайын, бірақ ма­гистралды желілерін дайындау жұмыс­тары жалғасады.

Үкіметті Абай облысының ахуалы ма­залап тұр: тіпті аймақтың әкімшілік орталығы Семейде дайындық жұмыстары бойы­нша жоспар 82%-ға орындалғаны, сондықтан қала «ерекше бақылауда тұрғаны» ресми хабарланды. Бұл жұмысты үй­лестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелгені айтылды. Сонымен бірге Абай об­лысының әкімдігі білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылыту маусымына то­лық дайын екенін жариялады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына сен­дірді. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры және негізгі жабдықтардың құрамы қалыптас­тырылды. 

«Дайындық бойынша бірқатар өңір Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Мәселен, Семей қаласында алдыңғы апта қорытындысында үш жоба бойынша жұмыстар 15%-ға орындалып, жалпы жоспар 70%-ға атқарылған еді. Енді көрсеткіш 82%-ға жетті. Сонымен бірге сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштар өткен аптада жеткізілді. Степногор қаласында өткен апта ішінде жылу магистралін реконстру­к­­­­циялау жұмыстары 24% орындалып, же­лінің жалпы дайындығы 76%-ды құра­ған еді. Осы аптада дайын күйге келтірілді», – деді бас энергетик. 

Ендеше Үкіметтің және министрліктің бұл жұмысты қырағы қадағалауға алуы өңірлерде жөндеу жұмыстарының барынша қысқа мерзімде аяқталуына түрткі болып жатқандай. Өз кезегінде Энергетика министрлігінің өкілдері жөндеу жұ­мыс­тарының барысын аймақтарды аралау арқылы бақылауда ұстауды жалғастырмақ. Ведомство барлық өңірде жөндеу жұ­мыстары бекітілген кестеге сәйкес жүр­гізіліп жатқанын мәлімдеді. 

Жылыту маусымы – техникалық жұмыстарды жүзеге асырып, жылу жүйелерін іске қоса салу ғана емес, қыстағы сақылдаған аяз бен ақырған боранда әр шаңыраққа алаңсыздық пен жылылық сыйлайтын мемлекеттік маңызы бар кезең. Президент пен Үкімет басшысының осы мәселеге баса көңіл бөлуінің мәнісі осында. Жылы ұя – адам жанына ләззат сый­лап, әр отбасына бақыт орнататын қарапайым да қастерлі құндылық.

Ендеше жылу мен электр жүйелерінің қысқа дайындығы, отын қорының жеткілікті болуы, жүйенің апаттардан амандығы жай ғана коммуналдық міндеттен әлдеқайда биік дүние. Бұл – елдегі тұрақ­тылық пен қоғамдық тыныштықты қам­та­масыз ететін берік тірек, стратегиялық мұрат. Қыс қанша жерден қатал болса да, әр үйде жылу мен жайлылық сақталса, мұны бұқара мемлекеттің жүйелі еңбегі мен ізгі қамқорлығының нақты көрінісі деп қабылдайды.

Елдос СЕНБАЙ