Олардың сөзінше, контейнерлер маңайдағы үйлер мен коммерциялық нысандардан шығарылатын қоқыс сыймай шашылып, сасып-бүксіп жатады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бұл қоқыс алаңын оннан астам көпқабатты үйдің тұрғындары, сондай-ақ маңайдағы көптеген дүкендер мен кеңселер пайдаланады. Соның салдарынан қалдықтары контейнерлерге сыймай, алаң аумағынан асып-төгіліп жататын көрінеді.
Қоқыс арасында тұрмыстық қалдықтармен қатар ескі жиһаз, істен шыққан тұрмыстық техника, құрылыс қалдықтары, бұтақтар мен тамақ қалдықтары да жиналып қалады. Нәтижесінде, қоқыс алаңы уақыт өте келе үлкен үйіндіге айналған.
– Мәселе әсіресе күн жылынған кезде күрделене түседі. Бүлінген азық-түліктен жағымсыз иіс тарайды. Аулада тіпті егеуқұйрықтар да шыға бастағанын байқадық. Ал жел тұрған кезде полиэтилен пакеттері мен ұсақ қалдықтар ауланың басқа бөлігіне, көгалдар мен балалар алаңдарына дейін ұшып кетеді, – дейді налыған тұрғындар.
Тұрғындар бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген. Олардың айтуынша, 2025 жылы арнайы комиссия келіп, жағдайды зерделеген. Сол кезде қоқыс алаңын 2026 жылы көшіру жоспарланған. Алайда тұрғындардың сөзінше, жоспарланған жұмыстың арты сиырқұйымшақтанып сол күйі жүзеге аспаған.
Енді тұрғындар мәселенің нақты қашан шешілетінін сұрап отыр. Өйткені бір ғана ауладағы қоқыс алаңын оннан астам көпқабатты үй мен ондаған коммерциялық нысан пайдаланатын болса, оның қазіргі сыйымдылығы мен орналасуы қаншалықты талапқа сай деген сауал туындап отыр.
Мәселеге қатысты Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ресми түсініктеме берді.
– Мердігер ұйым аталған мекенжайдан қоқысты шығару жұмыстарын биылғы жылдың 5 қазанына дейін жүргізеді», – деп хабарлады ведомстводан.
Осылайша, әзірге тұрғындар көтерген мәселе бойынша қоқыс шығарылатын нақты мерзім ғана белгілі болды. Ендігі кезекте қоқыс алаңындағы жиналған қалдықтардың қашан толық шығарылып, бұған дейін айтылған көшіру жоспарының жүзеге асатын-аспайтыны назарда болмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы