CNBC деректеріне сүйенген Aikyn.kz F-35 бөлшектерінің Гонконгқа қалай түскенін және бұл оқиғаның АҚШ үшін неліктен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын талдайды.
Bloomberg дереккөздерінің хабарлауынша, мамыр айының соңында UPS компаниясы Аустралиядан АҚШ-қа F-35 ұшағының кабина қалқаны мен қару-жарақ бөлігінің есігін апару керек болған. Алайда құпия жүк белгісіз себептермен басқа бағытқа бұрылып, Гонконгқа жеткізілген.
Дереккөздердің айтуынша, екі бөлшек те ұшақтың радарға байқалуын азайтатын арнайы материалмен қапталған. Олардың Қытай бақылауына қалай түскені ерекше назар аудартып отыр.
Аустралияның қорғаныс министрі Ричард Марлз бұл жағдайдан хабардар екенін және АҚШ пен F-35 өндірушісі Lockheed Martin компаниясымен бірге тергеуге көмектесіп жатқанын айтқан. Оның сөзінше, жоғалған жүктің ішінде аса маңызды немесе құпия технологиялық бөлшектер болмаған.
F-35 – Lockheed Martin әзірлеген бесінші буындағы, радарға көрінбейтін жойғыш ұшақ. Вашингтон бұл әскери платформаны ең жақын серіктестері мен одақтастарына ғана сатуға рұқсат береді.
АҚШ бұндай технологиялардың бөгде елдерге өтіп кету қаупіне бұрыннан ерекше мән беріп келеді. Мәселен, 2019 жылы Ресейдің С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алған Түркияға F-35 ұшағын беру тоқтатылды. Вашингтон ресейлік жүйе америкалық жойғыш ұшақтың мүмкіндіктері туралы ақпарат жинайды деп қауіптенген.
АҚШ конгрессмені Раджа Кришнамурти барлау қауымдастығы мұндай сатылым «америкалық әскери технологияның ең құнды мүмкіндіктерін Қытай Коммунистік партиясының қолына түсіруі ықтимал» екенін мәлімдеді.
Қазір F-35 ұшақтарын АҚШ пен Аустралиядан бөлек, Бельгия пайдаланады. Ал Жапония, Канада және Сингапур бұл жойғыштарға тапсырыс берген. F-35-тер АҚШ-тың Иранмен қақтығысында да қолданылды. АҚШ Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сол операциялар кезінде радарға «көрінбейтін» ұшақтардың бірі қарсы тараптың соққысынан зақым алған.