Бұл шара бойынша жылу энергиясын есептеу құралдары жоқ жеке тұлғаларға қатысты жүргізіліп, сыртқы ауаның нақты температурасы ескерілмек, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Андрей Шевченко мәлімдеді.
Сала мамандарының айтуына қарағанда, жылыту маусымында жылу энергиясы белгіленген нормативке сәйкес толық берілмеген жағдайда, тұтынушыға қайта есеп жүргізіледі. Биылғы қайта есептеу сомасы өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70 пайызға төмен болған.
– Біз көрсетілген қызметтің нақты көлемін белгіленген нормативтермен салыстырамыз. Егер жылудың толық берілмеуі анықталса, тұтынушыларға қайта есеп жүргізіледі. Бұл тәсіл тек есептелген төлемді ғана емес, көрсетілген қызметтің нақты сапасын да ескеруге мүмкіндік береді, – деді Андрей Шевченко.
Департамент дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыста 69 табиғи монополия субъектісінің жұмысын бақылауда ұстап отыр. Олар барлығы 150 реттелетін қызмет көрсетеді. Оның ішінде жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, сондай-ақ электр энергиясын беру қызметтері бар.
Коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы да назарда. Өңірдегі инженерлік желілердің тозу деңгейі әлі де аса жоғары. Атап айтқанда, электрмен жабдықтау желілерінің орташа тозуы 59 пайызды, сумен жабдықтау жүйелері 53 пайызды, су бұру желілері 61 пайызды, ал жылумен жабдықтау жүйелері 53 пайызды құрап отыр.
Осыған байланысты биыл облыста 2,2 мың шақырымнан астам инженерлік желіні және 600-ге жуық жабдықты жөндеу жоспарланған.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті тарифке енгізілген қаражаттың нақты мақсатқа жұмсалуын да бақылауда ұстамақ.
– Біз үшін тарифтік қаражаттың тұтынушыға жұмыс істеуі маңызды. Яғни, ол желілерді жөндеуге, жабдықтарды жаңартуға және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталуы керек. Сондықтан кәсіпорындардың шығындарын мұқият қараймыз және қабылданған бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстаймыз, – деп түйіндеді Андрей Шевченко.
Сонымен қатар биыл 2022–2026 жылдарға бекітілген ұзақмерзімді тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталады. Қазір мамандар коммуналдық кәсіпорындардың алдағы бес жылға арналған жаңа тарифтік өтінімдерін қарастырып жатыр.
Жаңа тарифтерді қалыптастыру кезінде кәсіпорындардың инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, жөндеу қажеттілігі және тұтынушылардың мүддесі ескерілмек.
Осылайша, Ақмола облысында бір жағынан жылудың жеткіліксіз берілуі фактісі бойынша тұтынушылардың төлемі қайта есептелсе, екінші жағынан алдағы кезеңге арналған тарифтер мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту мәселесі қатар қаралып жатыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы