«Үш ұрпақ – ортақ мұрат»: «Әділет» партиясы Қарттар күніне орай ерекше фестиваль ұйымдастырды

Фестивальдің республикалық бағдарламасы Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облысты қамтыды. Бағдарламада жастардың волонтерлік және әлеуметтік бастамаларға қатысуы, аға буынның цифрлық сауаттылығын арттыру және қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасау бағыттарына басымдық берілді.

1 қазан – Қарттар күніне орай «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен Астанада «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған іс-шара аға буын өкілдерін қоғамдық өмірге белсенді араластыруға, олардың өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізуге және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға арналды. Фестиваль аясында ұлттық дәстүр, цифрлық сауаттылық, шығармашылық пен спорт түрлерін қамтиты түрлі іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Фестивальдің негізгі мақсаты – аға буын мен жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Мәселен, фестиваль барысында ақ жаулықты әжелер жастарға бауырсақ пісіруді үйретсе, жастар қарияларға смартфонды пайдалану, интернеттегі алаяқтықтан сақтану және цифрлық сервистерді қолдану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар қатысушылар түрлі ойындар мен жарыстарға қатысып, концерттік бағдарламаны тамашалады.

«Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі тек мерекелік іс-шара ретінде емес, партияның қарттармен жұмыс бағытының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылған. «Әділет» партиясы төрағасының идеология бағыты бойынша орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, аға буынның өмір бойы жинаған білімі мен тәжірибесін қоғамдық өмірде пайдалану маңызды.

«Әділетті мемлекет құру ең алдымен өз азаматын қадірлеуден басталады. Адам жас кезінде елге еңбек етеді, ал жасы ұлғайған кезде сол еңбегінің зейнетін көруі тиіс. Зейнетке шығу қоғамнан тыс қалу деген сөз емес. Адам қай жаста да өзін елге қажет сезініп, қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік алуы керек. Елге аға буынның өмір бойы жинаған білімі мен тәжірибесі керек. Сондықтан партия бағдарламасында аға буынның белсенді әрі ұзақ өмір сүруіне жағдай жасауды басымдық ретінде айқындап отырмыз. Белсенді зейнеткерлерді қоғамдық жұмысқа, тәлімгерлікке және еріктілер қозғалысына тартуға баса мән береміз», – деді Ержан Жылқыбаев.

Оның айтуынша, аға буынға қолдау көрсету тек материалдық көмекпен шектелмеуі керек. Әсіресе жалғыз тұратын қариялардың жағдайын сұрап, күнделікті өмірде қолғабыс ету де маңызды. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығы отбасындағы тәрбиеден басталатынына назар аударылды.

«Жасы ұлғайған адамға кейде материалдық көмектен гөрі жылы сөз бен жылы қабақтың өзі үлкен демеу береді. Әсіресе жалғыз тұратын қарияларды назардан тыс қалдырмауымыз керек. Үлкенге қамқорлық тек мемлекеттің немесе әлеуметтік қызметкердің міндеті емес, ол ең алдымен отбасынан басталады. Бала үлкенді сыйлауды айтқан сөзімізден емес, жасап жатқан ісімізден көреді. Сондықтан ұрпақтар арасындағы сабақтастықты үзбеуіміз керек. XXI ғасырда технология мен интернетке ден қойған жастардың аға буын өкілдерімен өмір, тарих және түрлі қиындықтарды еңсеру туралы әңгімелесіп, пікір алмасуы өте маңызды», – деді ол.

Партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан Қыстаубаевтың сөзінше, бұрын Қарттар күніне орай ардагерлердің үйіне барып құттықтау дәстүрі болса, биыл жастар мен үлкендерді бір ортаға жинап, интерактивті форматта фестиваль өткізіліп отыр.

«Бұл фестивальдің басты мақсаты – аға буынды ардақтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Бұған дейін Қарттар күніне орай ардагерлердің үйлеріне барып, құттықтап жүрсек, биыл алғаш рет Астанада осындай ашық форматтағы фестиваль ұйымдастырып отырмыз. Шара барысында жастар аға буыннан ұлттық дәстүрлерді, соның ішінде бауырсақ пісіруді үйренсе, ардагерлер жастардан интернетті қауіпсіз пайдалану, алаяқтықтан сақтану, жасанды интеллект арқылы жасалатын жалған дауыс пен бейнематериалдарды ажырату сияқты заманауи цифрлық сауаттылық негіздерін меңгеріп жатыр. Бұл – екі буынның бір-біріне тәжірибе үйретіп, өзара қолдау көрсетуіне мүмкіндік беретін формат», – деді Мағжан Қыстаубаев.

Партия өкілінің айтуынша, ардагерлермен жұмыс фестивальмен аяқталмайды. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жастар жалғыз тұратын және мүмкіндігі шектеулі қарияларға барып, күнделікті тұрмысында қолдау көрсетіп келеді. Ауылдық жерлерде қарттардың егінін жинауға, ауласын тазалауға және қысқа дайындалуына көмектесу жұмыстары да қолға алынған.

Фестивальде аға буынның қоғамдағы орны туралы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов та сөз сөйледі. Ол ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесін атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдауға тоқталды.

«Аға буын – елдің рухани тірегі, сарқылмас қазынасы. Сіздердің өмір жолдарыңыз бен ел дамуына қосқан ерен еңбектеріңіз кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Бүгінгі басты міндетіміз – ата-бабамыздың, ата-аналарымыздың қан мен тер төгіп, кейінгі ұрпаққа кең байтақ жер мен бейбіт өмір қалдырған еңбегіне және тәуелсіздікке жеткенімізге тағзым ету. Бүгінде аға буын өкілдеріне жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың ауқымы жыл сайын артып келеді. Оның нақты дәлелі – елімізде зейнетақы төлемдеріне 4,8 триллион теңге қаржы бөлінуі. Бұл республикалық бюджеттің 24 пайызын құрайды», – деді Әбілғазы Құсайынов.

Ол Республикалық ардагерлер ұйымының қатарында 2,5 миллионнан астам адам бар екенін айтып, мұны елдің қоғамдық өміріне ықпал ететін үлкен күш ретінде бағалады.

«Қазіргі таңда Республикалық ардагерлер ұйымының қатарында 2,5 миллионнан астам ардагер бар. Бұл – елдің тұрақтылығы мен бірлігінің берік негізі саналатын орасан зор қоғамдық күш. Бүгінгі рухани және қайырымдылық шаралар мемлекеттік саясаттың шынайы көрінісі әрі «Әділет» партиясының аға буынға деген айрықша құрметі мен жанашырлығының жарқын дәлелі», – деді ол.

Ал 77 жастағы зейнеткер ғалым Өрік Иманғожина үшін фестивальдің ең әсерлі тұсы – жастардың аға буынға көрсеткен құрметі болған. Ол еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, кейін мектеп директоры және колледж басшысы қызметтерін атқарғанын айтты. Қазір де қоғамдық шараларға белсенді қатысып, басқа ардагерлерді де түрлі кездесулерге ертіп жүретінін жеткізді.

«Бізге көп нәрсе керек емес. Осындай ықылас пен құрметтің өзі үлкен қуаныш. Жасым 77-де болса да, түрлі қоғамдық шараларға белсенді қатысамын, ардагерлерді де бірге ертіп жүремін. Жүре алмайтын кісілерді алып келемін. Мұның бәрі – өмірдің қызығы. Сондықтан жастар да өмірдің қызығына тоймай, алға ұмтылып, үлкендердің жолын жалғастыра берсін. Мен көп елді көрдім. Бірақ қазақ халқының өнері мен музыкасының орны бөлек. Бүгінгі концертте Қазақстан туралы әндер шырқалғанда, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Қазақтың туы желбіреп, халқымыздың деңгейі бұдан әрі де өсе берсін», – деді Өрік Иманғожина.

Фестивальдің республикалық бағдарламасы Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облысты қамтыды. Бағдарламада жастардың волонтерлік және әлеуметтік бастамаларға қатысуы, аға буынның цифрлық сауаттылығын арттыру және қоғамдық өмірге араласуына жағдай жасау бағыттарына басымдық берілді.

Осылайша, «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалінде аға буын мен жастардың тәжірибе алмасуына арналған бірнеше бағыт бір алаңға тоғысты. Ұйымдастырушылар үшін негізгі міндет – Қарттар күнін бір күндік мерекемен шектемей, ұрпақтар арасындағы байланысты тұрақты қоғамдық қарым-қатынасқа айналдыру.