ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қатардағы Алексей Чуркин Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарында ауыр атлетикадан 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қостанай облысының тумасы Алексей Чуркин жарыс барысында жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырып, осы салмақтағы әлемдік рекордты жаңартты. Ал серпе көтеруде 205 келі нәтижесін көрсетті. Екі сайыс қорытындысы бойынша спортшы 378 келі жинап, қарсыласынан небәрі 1 келіге қалып, Азия ойындарының күміс медалін иеленді.
1 қазан күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайында спортшыны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Алексей Чуркинді әскери бөлімнің жеке құрамы, туған-туыстары мен жақындары, спорт саласының өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қарсы алды.
Жиналғандар Азия ойындарының жүлдегерін жоғары жетістігімен құттықтап, ел намысын халықаралық аренада абыроймен қорғағаны үшін алғыстарын білдірді.
Бұл нәтиже – Алексей Чуркиннің халықаралық аренадағы кезекті ірі жетістігі. Ол бұған дейін де әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан ауыр атлетикасының жоғары деңгейін танытып келеді.
Спорттағы жоғары жетістіктерімен қатар, Алексей Чуркин мерзімді әскери борышын да абыроймен атқарып жүр. Ол әскери тәртіп пен кәсіби спорттағы дайындықты қатар алып, табандылығы, еңбекқорлығы және жігерімен ерекшеленіп келеді.
Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің халықаралық додадағы жетістігі – әскери қызметшілер мен жастар үшін спортқа ұмтылудың, мақсатқа адалдықтың және Отан алдындағы борышқа жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі.