Қатардағы Денис Мухин Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде қызмет атқарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бойы 2 метрге жуық сарбаздың аяқкиім өлшемі – 47.
19 жастағы әскери қызметші Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған. Әскерге дейін Талғар политехникалық колледжін «автоэлектрик» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Денис бала кезінен волейболмен айналысқан. 9-сыныпта-ақ 45 өлшемді аяқкиім киді. Оның айтуынша, бойы мен аяқкиім өлшемінің үлкен болуы әкесінен дарыған.
Денистің бой ерекшелігі әскери қызметінің алғашқы күндерінде-ақ байқалды. Оқу пунктінде өзіне шақ аяқкиім іздестіріліп жатқанда, әскери бөлім берген кроссовкамен бірнеше күн жүруге тура келген.
Тыл қызметі көп ұзамай 47 өлшемді аяқкиім тауып берді. Содан бері ерекше үлкен бәтеңке ұландықтың әскери киіміндегі көзге бірден түсетін бөлшектердің біріне айналды. Қазір ұландық Шымкент көшелерінде күн сайын патрульдік қызмет атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Денис қаруластарының арасында бойымен ғана ерекшеленбейді. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген және күнделікті қызмет барысында қазақша еркін сөйлеседі.
Бүгінде көшедегі жұрттың назары бойы ұзын ұландыққа жиі ауады. Ал қаруластары Денисті әзілдеп «Гулливер» деп атап кеткен.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.