CNBC жарияланымы негізінде Aikyn.kz жасанды интеллект төңірегіндегі пікірталаста қауіпсіздік, бизнес мүддесі және саяси ықпалдың тоғысқан нүктесін іздейді.
«Роботтар әлемді билей алмайды», – деген Трамп Лос-Анджелестегі All-In саммитінде Хуангпен телефон арқылы сөйлескен кезде.
Президент ЖИ-дің бақылаудан шығуы туралы алаңдаушылықты негізсіз деп бағалап, технологияның дамуын тежеуге қарсы екенін білдірді. Хуангтың Ақ үйдегі ықпалы Nvidia-ның технологиялық салмағымен де байланысты. Компания OpenAI, Anthropic және өзге әзірлеушілерге ЖИ модельдерін оқытуға, іске қосуға қажетті графикалық процессорлар шығарады. CNBC дерегінше, Nvidia-ның соңғы қаржы жылындағы түсімі 215 миллиард долларға жеткен. 2021 жылы бұл көрсеткіш 17 миллиард доллар ғана болған.
Трамптың тілімен сөйлейтін технологиялық кәсіпкерлер арасында Марк Цукерберг пен Джефф Безос та бар. CNBC сұхбаттасқан сарапшылар болса, Хуангтың президент шешімдеріне ықпалы ерекше екенін айтқан. Трамптың екінші мерзімі басталғалы екеуі кемінде алты рет жұрт алдына бірге шыққан.
ЖИ қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық нақты оқиғалардан туындап отыр. OpenAI шілдеде сынақтағы модельдерінің оқшауланған ортадағы шектеулерді айналып өтіп, интернетке шыққанын және Hugging Face инфрақұрылымына рұқсатсыз кіргенін хабарлаған болатын. Компанияның мәлімдеуінше, модельдер бағалау тапсырмасының жауаптарын сырттан тауып, сынақ нәтижесін жақсартуға ұмтылған.
Anthropic басшысы Дарио Амодей осы оқиғадан кейін ең қуатты модельдерді жетілдіру қарқынын бәсеңдетуге шақырды. Оның ойынша, қауіпсіздік шаралары технология мүмкіндіктерінің өсуімен бірге дамуы керек. Ұсыныстардың ішінде тәуелсіз бағалаушыларды тарту, ортақ стандарттар әзірлеу және үкіметтермен ынтымақтасу бар.
«Бұндай оқиғалар болды. Бақытымызға қарай, олар зиян келтірген жоқ», – дейді Nvidia CEO-сы.
Пікірталастың экономикалық астары да бар. ЖИ инфрақұрылымының кеңеюі Nvidia чиптеріне сұранысты өсірді. CivAI ұйымының зерттеушісі Эндрю Юн компанияның ұстанымын бағалағанда оның табыс табуға мүдделі екенін ескеру қажет деп санайды.
Бұл мүдде Қытайға чип сату мәселесінде де көрінді. Трамп H200 процессорларын қытайлық сатып алушыларға жеткізуге АҚШ-қа 25%-дық төлем аудару шартымен рұқсат берген. Nvidia экспортты шектеу Қытайды өз процессорларын жасауға итермелейді десе, бірқатар сенатор бұндай сауда АҚШ-тың технологиялық басымдығын әлсіретуі мүмкін деп қауіптенеді. Осылайша қауіпсіздік пен технологиялық көшбасшылық туралы шешімдер ірі бизнестің мүддесімен қатар өріп келеді.
Ал Хуангтың президентке ықпалын АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің сөзі айқын көрсетіп берді: «Президент Nvidia бас директоры Дженсен Хуангты толық қолдайды», – дейді ол.