Hyundai жақында Ford-тан озады

АҚШ-та бензиннің қымбаттауы гибридті автомобильдерге сұранысты күшейтті. Hyundai 2026 жылдың үшінші тоқсанында сатылым бойынша Ford-тан озуы мүмкін.

Aikyn.kz америкалық нарықта гибридтер неліктен бәсекені күшейткенін және дәстүрлі көшбасшылардың орнын қалай өзгертіп жатқанын CNBC материалына сүйеніп талдайды.

24 қыркүйекте жарияланған болжамға сәйкес, Hyundai тобының шілде-қыркүйектегі сатылымы былтырғымен салыстырғанда 6,5%-ға өсіп, 511 421 автомобильге жетуі мүмкін. Есепке Hyundai, Kia және Genesis сатылымдары бірге енгізілген. Ал Ford көрсеткіші 7,1%-ға төмендеп, 504 172 көлікті құрайды деп күтіледі. Болжам орындалса, кореялық топ АҚШ-та GM мен Toyota-дан кейінгі үшінші орынға көтеріледі. Бұл өзгеріске жанармай бағасы ықпал етіп отыр. 

AAA дерегі бойынша АҚШ-та бензиннің орташа бағасы бір литрі 523 теңге болған. Сонда америкалықтың ең төменгі жалақысына 980 литр, Қазақ Еліндегі ең төменгі жалақыға біздің бағамызбен 340 литр ғана бензин құямыз.

Қымбат отын америкалық тұтынушыларды үнемді модельдерге бұрып, ірі пикаптар мен жол талғамайтын көліктердің сатылымын азайтқан.

«Тұтынушының қазіргі қажеттілігіне сай көлік ұсына алмасаңыз, бұл орынды басқа өндірушілер иеленеді», – дейді Cox Automotive сарапшысы Эрин Китинг.

Ford пен GM-нің гибридті модельдерді аз ұсынуы олардың бәсекедегі мүмкіндігін шектеуде. Ford-та Maverick пен F-150 пикаптарының гибридті нұсқалары бар. Бірақ азиялық компаниялардың осы сегменттегі мол ұсыныстары жанармай үнемдегісі келетін сатып алушыларды өзіне тартып отыр.

Ford-тың нәтижесіне өндірістегі іркіліс те әсер еткен. Оның бөлшектер жеткізетін компаниясында болған былтырғы екі өрт аса маңызды F-Series пикаптарының шығарылымын тежеген. Ford өз кезегінде қаңтар-тамыз қорытындысы бойынша Hyundai мен Kia-ның жиынтық сатылымынан әлі алда болғанын алға тартуда.Hyundai бас директоры Хосе Муньос Ford-тан озуды жеке мақсат санамайтынын айтады. Оның сөзінше, бұндай жетістік компанияның өнімге және оны нарықтағы сұраныстарға көңіл бөлуінің нәтижесі болмақ.

«Біз тұтынушыларға сапасы жоғары әрі қауіпсіз өнім жеткізуге басымдық береміз», – дейді Муньос.

Гибрид сегментіндегі көшбасшы Toyota да GM-мен арадағы алшақтықты қысқартып келеді. Cox сарапшылары үшінші тоқсанда GM сатылымы 5,2%-ға азайып, 671 706 көлікке түседі, ал Toyota көрсеткіші 2,2%-ға өсіп, 642 707 автомобильге жетеді деп болжайды. Toyota АҚШ-тағы жылдық сатылымда GM-нен бұған дейін тек 2021 жылы озған.

Cox Automotive 2026 жылғы жаңа автомобиль сатылымының болжамын 15,8 миллионнан 16,1 миллионға көтерді. Компания сарапшылары тұтынушылардың гибридтерге бет бұруы азиялық брендтердің үлесін жыл соңына дейін ұлғайта түседі деп санайды.

Жанармай қымбаттаған сайын сатып алушы үшін көлікті күнделікті ұстау шығыны маңызды бола түскен. Осындай жағдайда үнемді модельдер ұсынған өндірушілер бәсекеде басымдыққа ие болып отыр.