Көкшетауда бір күнде екі адам баспалдақтан құлап, ауруханаға түсті

Көкшетауда бір күнде екі бірдей адам баспалдақтан құлап, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Оқиғалардың бірі мектепте, екіншісі құрылыс нысанында болған. Қазір екі жағдай бойынша да барлық мән-жай анықталып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Алғашқы оқиға қаладағы мектептердің бірінде тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел адам мектептің жертөлесіне металл баспалдақ арқылы түскен. Оның жертөледе не істегені және ол жерге қандай мақсатпен барғаны әзірге белгісіз. Алайда қалалық білім бөлімі оқиғаның мән-жайына қатысты нақтылау енгізді. Видеобақылау жазбаларына сәйкес, әйел жертөле бөлмесіне өздігінен түсіп, кейін қайта шыққан. Біраз уақыттан соң ол дәлізде құлап қалған. Оған сол жерде дереу қажетті көмек көрсетілген.

–  Зардап шеккен әйел медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Оның басынан жарақат алғаны, денесінде түрлі жарақаттар бары және сынық болуы мүмкін екені айтылды. Қазір медициналық мамандар оның нақты жағдайы мен алған жарақаттарының сипатын анықтап жатыр. Мектеп әкімшілігі зардап шеккен әйелдің отбасымен байланыста болып, қажетті қолдау көрсетіп отыр, – деді Көкшетау қалалық білім бөлімінен.

Осы оқиғаға қатысты Ақмола облысының Полиция департаменті қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Еңбек инспекциясы да жағдайды назарға алған. Ақмола облысы бойынша Еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс берушіден өндірістегі жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама келіп түспеген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Көкшетаудағы екінші оқиға құрылыс нысандарының бірінде болған. Жас ер адам жұмыс кезінде баспалдақтан құлап, жарақат алған. Құрылысшы бел омыртқасы сынуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Бұл жағдай бойынша да полиция қылмыстық іс қозғаған. Қазір оқиғаның нақты қалай болғаны және оған қандай себептер әсер еткені анықталып жатыр.

Қазіргі уақытта екі оқиғаға қатысты да түпкілікті қорытынды тиісті тексеру жұмыстары мен медициналық сараптамалар аяқталғаннан кейін белгілі болмақ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы