Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған ерлік сабақтары өткізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Осындай тағылымды кездесулердің бірі Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық сынып оқушыларымен өтті. Ерлік сабағын Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінің командирі, подполковник Бағлан Дошаманов өткізді.
Сабақ барысында оқушыларға Отанға деген сүйіспеншілік, елге адал қызмет ету, батырлық пен жауапкершіліктің мәні түсіндірілді. Сондай-ақ ел қорғаған батырлардың ерлік жолы мен өнегесі туралы тағылымды әңгімелер айтылды.
Жасөспірімдерге Ұлттық ұлан жауынгерлері жасаған ерлік оқиғалар туралы әңгімелер ерекше әсер етті.
Бұдан бөлек, әскери қызметші жас ұрпаққа ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғаудың маңызын түсіндіріп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы айтып берді. Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери қызмет туралы мағлұмат алды.
Мұндай ерлік сабақтары өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға және ел алдындағы жауапкершілікті сезінуге бағытталған.
Ұлттық ұланда әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.