«Астана Балет» театрында заманауи хореография кеші өтті

Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің Love Fear Loss балетімен басталды.

«Астана Балет» театрында  Love Fear Loss, «Жолдан тайған періштелер» және  Bolero X  атты үш қойылым сахналанған заманауи хореография кеші өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қойылымға әйгілі француз әншісі Эдит Пиафтың тағдыры мен шығармашылығы арқау болған. Спектакль махаббат пен қорқыныш, айырылысу мен жан күйзелісін би арқылы жеткізеді. Қойылымда Эдит Пиаф репертуарындағы шығармалар шырқалып, оларды театр концертмейстері Құралай Қанапина фортепианода орындады.

Бағдарламаны көрнекті чех хореографы Иржи Килианның танымал туындыларының бірі – бір актілі «Жолдан тайған періштелер» балеті жалғастырды. «Астана Балет» театрында бұл қойылымды Стефан Жеромски сахналады.

«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов:

«Килианның өнері ұлттық шеңбермен шектелмейді, оның туындылары көпшілікке жақын әрі бүгінгі заманның тынысымен үндес келеді. Қойылымдары музыка мен қимылдың үйлесімі, көркемдік шешімі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленеді. «Астана Балет» әртістері Килианға тән ерекше хореографиялық мәнерді меңгеріп, би қимылдары арқылы кейіпкердің сезімі мен көңіл күйін терең жеткізе білді», – деді.

Аталмыш қойылымдағы америкалық композитор Стив Райхтың «Drumming Part 1» шығармасының орны да айрықша.

Кешті Морис Равельдің әйгілі «Болеро» шығармасын заманауи хореографиямен жаңаша өрнектеген  Bolero X  қойылымы аяқтады. Балет театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Оркестрді театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев басқарды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.