Қазақстандық қоғамдық даму институты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Sarapshy білім беру медиажобасына қатысушыларды іріктеуге ашық конкурс жариялайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жоба сарапшылардың ақпараттық кеңістіктегі белсенділігін арттырып, олардың қоғамға кеңінен танылуына жол ашады. Қатысушылар БАҚ-пен сенімді жұмыс істеуге, камера алдында сөйлеуге, қоғамдық пікірталастарға қатысуға және ақпарат кеңістігінде өз сараптамалық көзқарасын жеткізе білуге қажетті дағдыларды меңгереді.
Курс аясында мәдениет, қоғамдық мінез-құлық және әдеп салаларындағы өзекті мәселелер қарастырылады.
Жобаның негізінде сапалы сараптама көпшіліктің назарына ілігіп, кең аудиторияға жетуі тиіс деген ой жатыр. Сондықтан бағдарламаның негізгі басымдығы сарапшының өзін кәсіби тұрғыда таныта білуіне, журналистермен және әлеуметтік желілермен тиімді жұмыс істеуіне, мазмұнды пікір білдіруіне және күрделі қоғамдық үдерістерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе білуіне бағытталады.
Бағдарлама аясында бұқаралық ақпарат құралдарымен және камера алдында жұмыс істеу, сұхбат пен сараптамалық пікір дайындау, көпшілік алдында сөйлеу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде сараптамалық контентті ілгерілету бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.
Жобаға лекторлар мен менторлар ретінде тәжірибелі журналистер мен медиатренерлер тартылады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
– мінез-құлық психологиясы (бихевиористика), әлеуметтану, жалпы этика, технологиялар этикасы (Digital Ethics), антропология, этнология, мәдениеттану, урбанистика салаларының бірі бойынша құзыреттілік;
– жасы 40-қа дейін;
– жоғары білім;
– талдау орталықтарында, жоғары білім беру ұйымдарында, мемлекеттік қызметте, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында немесе азаматтық секторда кемінде бес жыл жұмыс өтілі;
– магистр дәрежесі, PhD, өзге де ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар үміткерлерге басымдық беріледі.
Конкурсқа қатысу үшін өтінімді мына сілтеме арқылы толтыру қажет: https://sarapshy.kipd.kz/
Конкурс нәтижесінде 25 қатысушы іріктеліп алынады.
Өтінімдер 2026 жылғы 2–11 қазан аралығында қабылданады.
Бағдарламаның оқу бөлімі 2026 жылғы 31 қазан мен 14 қараша аралығында сенбі күндері өтеді. Барлық практикалық сабаққа қатысу қатаң міндетті. Сабақтар сағат 9:30-дан 16:00-ге дейін жүреді.