Жітіқарада жеті шағынауданның жылу желісі жаңартылып жатыр

Реконструкциялауға 629 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. 

Қостанай облысының Жітіқара қаласында қаланың жеті шағынауданын жылумен қамтамасыз ететін жылу желісін жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Жоба 4 772 тұрғынды, 24 көппәтерлі және 302 жеке үйді, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды қамтиды. Жұмыстардың дайындығы 95%-ды құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұзындығы 913 метр болатын жаңартылып жатқан учаске 1980 жылдардан бері пайдаланылып келеді. 40 жылдан астам уақыт ішінде оның тозу деңгейі 84%-ға жеткен. Бекіту арматурасы мен гидрооқшаулағыштағы ақаулар жылыту маусымында апаттар мен іркілістердің қаупін арттырған еді.

Жылу магистралі  Жітіқараның 1, 2, 3, 3А, 5А, 12 және 13-шағынаудандарына қызмет көрсетеді. Оған 1 591 абонент пен 20 ұйым қосылған. Олардың арасында екі мектеп, екі аурухана, үш спортзалы, оңалту орталығы, балаларға арналған мекеме және Халыққа қызмет көрсету орталығы бар.

Жылу желісін қайта жаңарту жұмыстары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 маусымда басталған. Ескі құбырлар бөлшектеліп, толығымен жаңасына ауыстырылуда. Тиектеуіш арматура мен компенсаторларды монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазіргі кезде мердігер траншеяларды кері көмумен және аумақты көркейтумен айналысып жатыр.

Жаңа магистраль үшін зауыттық жылуоқшаулағышы және қорғаныш цинктелген қабығы бар диаметрі 426 мм болат құбырлар қолданылуда. Бұл жылу шығынын азайтуға және пайдалану кезінде құбырдың зақымдану қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Реконструкциялауға 629 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Бұл ретте негізгі материалдардың барлығы дерлік Қазақстанда өндірілген. Отандық өнімнің үлесі 99,64%-ды құрайды.

Жоба аяқталғаннан кейін қаланың жылу желілерінің жалпы тозу деңгейі 2 пайыздық тармаққа, ал жылу тасымалдағыштың нормативтік-техникалық шығыны 0,01%-ға төмендеуі тиіс.

Қазіргі уақытта нысан 95% дайын. Негізгі жұмыстарды қазан айының басында аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстар аяқталған соң жаңартылған учаске жылыту маусымында жұмыс істеуге толығымен дайын болады.

Еске салайық, 2026 жылы Қостанай облысында ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында жылумен қамтамасыз ету, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау салаларында жалпы сомасы 6 млрд 943 млн теңгеге 9 жоба іске асырылып келеді. Жобалардың бір бөлігі өтпелі және кейінгі жылдары жалғасады. Жаңғырту жұмыстар Қостанай, Жітіқара және Лисаковск қалаларында жүргізіліп жатыр.