Президенттің «Вашингтон моделін» қолдауы ЖИ саласындағы халықаралық диалогты кеңейтеді – Жанар Тулиндинова

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасы ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамытуға бағытталған ерікті келісімдерді халықаралық деңгейде міндетті ережелер жүйесіне айналдыруға негіз болуы мүмкін.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинова Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысының қорытындысына қатысты пікір білдірді. Сарапшының айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық шарттың ықтимал негізі ретінде қарастыру туралы ұсынысы ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі жаһандық диалогтың аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Бұл ұсыныстың стратегиялық маңызы зор. Технологияларды әзірлеу жекелеген елдер мен компанияларда шоғырланғанымен, оларды қолданудың салдары мен соған байланысты тәуекелдер ұлттық шекаралардан әлдеқайда асып түседі. Сондықтан ЖИ-ді қауіпсіз дамыту мемлекеттер мен технологиялық бизнес тарапынан келісілген ұстанымдарды талап етеді», – деді Жанар Тулиндинова.

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасы ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамытуға бағытталған ерікті келісімдерді халықаралық деңгейде міндетті ережелер жүйесіне айналдыруға негіз болуы мүмкін. Қазақстан сындарлы диалог жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын. Кеңес мүшелеріне елдің халықаралық бастамасы бойынша нақты ұсыныстарды қысқа мерзім ішінде әзірлеу тапсырылды. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады.

«Осылайша Қазақстан жаһандық технологиялық дамудың шарттарын айқындайтын ережелерді қалыптастыруға қатысуға дайын екенін білдіреді. Бұл дипломатиялық бастаманың ішкі экономикалық күн тәртібімен тікелей байланысты екені маңызды», – деді ол.

Жанар Тулиндинова отырыстың негізгі тақырыбы өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялау болғанын атап өтті. Президент келтірген 2026 жылғы БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі есебінің деректеріне сәйкес, ЖИ әлемдік экономиканы өзгертетін бес трансформациялық мегатрендтің қатарына енді. Соңғы бес жылда ЖИ-ге байланысты патенттерге өтінімдердің жалпы көлеміндегі үлесі шамамен үш есеге өсті.

Қазақстан үшін бұл бағыт нақты экономикалық міндеттермен сабақтас. Сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 46 трлн теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 8,4%-ға өсті. Өсімнің жоғары қарқынын сақтау еңбек өнімділігін арттыруды, кәсіпорындарды жаңғыртуды және қосылған құны жоғары өнім шығаруды кеңейтуді талап етеді.

«ЖИ енгізудің негізгі өлшемі де дәл осындай экономикалық нәтиже болуы тиіс. Жекелеген операцияларды автоматтандыру өндірістің бұрынғы моделін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан кәсіпорындарды ЖИ негізінде кешенді трансформациялау маңызды», – деді сарапшы.

Осыған байланысты Президент Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, табысты шешімдерді кейіннен ауқымдау үшін негізгі бизнес-процестерді ЖИ негізінде кешенді трансформациялауға болатын кәсіпорындарды айқындауды тапсырды.

Ғылым мен өндірістің тікелей байланысына да ерекше назар аударылды. Qazaq AI Research University зерттеу бағдарламасы экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Өзекті міндеттерді инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлардың қатысуымен анықтау көзделіп отыр. Технологиялық командалар үшін міндетті қоюдан және деректерге қолжетімділіктен бастап кәсіпорында сынақтан өткізу мен экономикалық тиімділікті бағалауға дейінгі толық жол қалыптастырылмақ.

Сарапшының айтуынша, тексерілген шешімдерді коммерциялық қолданысқа жедел енгізу де маңызды.

«Тексерілген шешімдер артық келісулер мен ұқсас жағдайларда қайта сынақтан өткізусіз коммерциялық қолданысқа тезірек енгізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, «Вашингтон моделін» қолдау технологиялық жаңғыртудың ұлттық бағдарламасын толықтырады», – деп түйіндеді Жанар Тулиндинова.