Қызылордада Халықаралық қарттар күніне орай үш буын өкілдерін бір командаға біріктірген «Сыр сақасы» облыстық асық ату сайысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сайыс «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – Ортақ мұрат» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. Ұлттық ойынға негізделген шарада әр командадан аға буын, орта буын және бала, яғни үш ұрпақтың өкілі бірге өнер көрсетті.
Сайысқа барлығы 6 команда қатысты. Қатысушылар мергендік пен ептіліктерін көрсетіп, ұлттық ойынның қыр-сырын ортақ алаңда паш етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың мақсаты – ұлттық ойындарды дәріптеу ғана емес, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізу болып табылады. Сонымен қатар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға негізделген.
«Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және балалардың толыққанды дамуына жағдай жасау – біз үшін маңызды бағыттардың бірі. «Әділет» партиясы өзінің тұғырнамасында адам әлеуетін дамыту, білім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, патриотизм мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға басымдық беріп отыр. Бұл құндылықтардың барлығы ең алдымен жас ұрпақтың тәрбиесінен басталады. Бүгінгі шара осы мақсаттардың нақты көрінісі. Үш ұрпақтың бір командада өнер көрсетуі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жақсы үлгісі», – деді бұл жайында «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай.
Өз кезегінде ұлттық ойындарды дәріптеуші, асық ату шебері Райхан Наукеев те асық атудың бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
«Асық ату ойыны баланың ептілігін, дәлдігін, мергендігін дамытумен қатар, жоғары тәрбиелік мәнге ие. Бүгін біз осы ұлттық ойынды үш буынның басын қосатын ортақ алаңға айналдырып отырмыз. Аға буын өз тәжірибесін бөліссе, жастар мен балалар ұлттық ойынның қыр-сырын үйренеді. Мұндай шаралар дәстүр сабақтастығын сақтауға ықпал етеді», – деді ол.
Жарыс барысында қатысушыларға асық атудың ережелері түсіндіріліп, ойынның ерекшеліктері таныстырылды.
Сайыс қорытындысымен Қалабай Темуровтың командасы І орын иеленсе, Азен Абдикалиевтің командасы ІІ орын, ал Ибрагим Көшеровтің командасы ІІІ орын иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Үш ұрпақ – Ортақ мұрат» жобасы әр буын өкілдерін бір ортаға жинап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы