Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бүгінде Digital Bridge форумы Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналғанын атап өтті.
– Мұнда әлемнің технологиялық дамуына зор үлес қосып жүрген білікті мамандар жиналды. Форум аясында жаңа идеялар мен тың бастамалар ұсынылады, тиімді байланыстар орнатылып, нақты жобалар іске қосылады. Сондықтан Digital Bridge халықаралық форумын шын мәнінде жаңашыл, жасампаз және зияткер азаматтар бас қосатын бірегей жиын деп айт-сақ, артық болмасы анық, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық байланыстың алтын көпірі
Президент қазіргі аса қарқынды, құбылмалы және озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңызына тоқталды.
– Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып жатыр. Себебі жасанды интеллектінің ықпалымен өнеркәсіп, қаржы, білім, ғылым, мемлекеттік басқару және жалпы адам өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Оған бәріміз де куә болып отырмыз. Осы орайда AI & Digital Bridge форумының мазмұны да жыл өткен са-йын жаңа сипатқа ие болуда: жаңа өзекті мәселелер пайда болды, қатысушылардың ауқымы да ұлғайды. Форумда цифрландыру тақырыбынан бөлек, есептеу инфрақұрылымы, ауқымды тілдік модельдер, робот техникасы, индустрия саласындағы жасанды интеллект, ғылым, технология саласындағы заңнама мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасулар өтуде. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстардың алтын көпірі ретінде табысты қызмет етуде. Форумның түпкі мақсаты да, басты міндеті де, миссиясы да – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге қатысты асқан жауапкершілік таныту қажет екенін атап өтті.
– Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын айтқым келеді. Менің ойымша, мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, мұқият зерделеген соң жаһандық деңгейде қолдануға болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанына назар аударып, еліміздің жетістіктерін тілге тиек етті.
– Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар мен жетістіктер еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні реттеу мәселесін қозғады. Ол Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қаланғанын, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданғанын еске салды.
Адам капиталы ескерусіз қалмайды
Мемлекет басшысы адам капиталына айрықша мән берді. Президенттің пікірінше, заманауи деректер орталығы, озық технологиялар өздігінен ешқандай нәтижеге кепіл бола алмайды. Ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер болмаса, технологиялық серпіліс жасау мүмкін емес.
– Сондықтан біз білімді, білікті, жасампаз мамандар даярлайтын ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыруымыз керек. Осы орайда жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге айрықша міндет жүктеледі. Бұл оқу орны білім берумен қатар, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай ғылыми зерттеулер жүргізуге тиіс. Осы мақсатпен жасанды интеллектіні нақты салаларда қолдануға арналған AI+X моделі қолға алынып отыр. Оның мүмкіндігін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы, мемлекеттік басқару жүйесінде тиімді пайдалану керек. Жалпы, бізге дайын өнім мен жаңа технология жасай алатын мықты, яғни нағыз білікті мамандар қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтты.
– Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Бізге халықаралық деңгейдегі білім алмасу, бірлескен зерттеулер, инвестициялар қажет. Технологиялық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамытқан жөн. Қазақстан жасанды интеллектіні бейбіт мақсатта, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.
– Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірлескен жобалар жайын талқылады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық ІТ форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы перспективті жобалар көрмесіне барды.
Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University базасында жасалған AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan, ALFA жобалары, Aitu ұлттық мессенджерінің жаңа функционалдық мүмкіндіктері көрсетілді. Бұдан бөлек, көрме қонақтары «Самұрық-Қазына» қоры мен Higgsfieldai компаниясының интеллектуалдық шешімдерімен және «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» дамыту жоспарымен танысты.
Форум аясында Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен жеке кездескенін айта кетейік. Кездесуде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және есептеу инфрақұрылымы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің жаһандық экожүйесін қалыптастыруда NVIDIA компаниясының рөлі айрықша екенін айтты. Сонымен қатар жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасының басым салаларында қолдану аясын кеңейтудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Фордты қабылдады. Әңгімелесу барысында инвестициялық ынтымақтастық перспективасы, сондай-ақ елімізде технология секторы мен жасанды интеллект экожүйесін дамыту мәселелері талқыланды.
Президент Қазақстанда жаңа технологиялық экожүйе қалыптасып жатқанын айтты. Оның құрамына Astana Hub, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы, Qazaq AI Research University кіреді.
Мемлекет басшысы БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Әл-Мазруи мен Абу Даби әмірлігі Денсаулық сақтау департаментінің төрағасы, G42 International компаниясының бас директоры Мансур әл-Мансуримен кездесті.
Президент берік достық байланысқа, өзара сенімге, стратегиялық серіктестікке негізделген Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас ерекше сипатқа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар БАӘ Қазақстанның ірі шетелдік инвесторларының ондығына кіретінін айтты. 2025 жылы елімізге Әмірліктерден 1,64 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш 3,5 есе ұлғайған.