Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді. Аталған құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Құрылтай депутаттары әзірлеген.
Заң жобасында еліміздің қайраткер азаматтарының еңбегін бағалауға бағытталған екі жаңа ерекшелік белгісін енгізуді көзделіп отыр. Олар – отандық музыка өнерін дамытудағы ерекше еңбегі үшін берілетін «Шәмші Қалдаяқов» медалі және бейнелеу өнері саласындағы үздік туындылары үшін табысталатын «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы.
Сонымен қатар, «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралады.
Бұған қоса, депутаттар назарына екінші оқылымдағы Қазақстан мен Сербия Үкіметтері арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау ұсынылып отыр. Келісімнің мақсаты – тараптар арасында тең құқылық қағидат негізінде өзара тиімді әскери-техникалық ынтымақтастық орнату және оны дамыту.
Құрылтай отырысының күн тәртібіне I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру мәселесі енгізіледі.
Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы азаматтардың тағдыры мен өміріне қатысты заңдар жан-жақты қарастырылып, кеңінен талқылануы қажет екендігін атап өткен болатын. Өңірлердің өкілетті органдары – мәслихаттармен байланыс орнату үшін Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру – осы міндеттердің маңыздылығын ескере отырып ұсынылып отыр.
Кеңестің негізгі міндеті – мәслихаттардың заңдарды әзірлеуге тұрақты түрде қатысуын қамтамасыз ету және олардың жергілікті жерлерде қолданылуы барысы бойынша кері байланыс орнату. Заңдардың құқық қолдану практикасына мониторинг жасау, өңірлерге ортақ проблемаларды жинақтау және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау, оңтайлы өңірлік практикаларды зерделеу мен тарату басым бағыттар ретінде қарастырылады.
Бюро отырысында сондай-ақ I шақырылымдағы Қазақстан Республикасының Құрылтайында депутаттық сауалдармен жұмысты ұйымдастыру қағидалары бекітілді. Құжат барлық кезеңдерде депутаттық сауалдарды сүйемелдейтін бірыңғай және ашық регламентті белгілеу арқылы олардың нәтижелілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар Құрылтайдың цифрлық талдамалық құралдары, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары арқылы құжат дайындауды және жауаптардың толықтығын тексеруді автоматтандыру көзделіп отыр.