Бастапқыда жоба 2023-2025 жылдарға жоспарланған, кейін іске асыру мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды. Сонымен, бұл жобаның ауыл жұртына қандай пайдасы тиіп үлгерді? Бұдан өзге қандай жобалар атқарылып жатыр?
Ұлттық жоба инфрақұрылымды кешенді дамыту мен жаңартуды, сондай-ақ ауылдағы кадрлық әлеуетті нығайтуды қамтитын бірнеше негізгі міндетті шешуге бағытталған екен. Кейінгі үш жылда еліміз бойынша 813 денсаулық сақтау нысаны салынды, ал 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске қосылған. Оның ішінде 260 медициналық пункттің, 235 фельдшерлік-акушерлік пункттің және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды. Жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын іске қосу арқылы 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Жыл соңына дейін тағы 50 медициналық орталық қолданысқа берілуге тиіс көрінеді.
Айта кетерлігі, нысандардың 427-сі тозған және апатты ғимараттардың орнына тұрғызылған. Ал 208 нысан бұрын тұрғындардың үйіне барып медициналық қызмет көрсетілген елді мекендерде бой көтерген, тағы 20 нысан бұрын медицина қызметкерлері мен инфрақұрылымы мүлдем болмаған ауылдарда салынған екен. Сонымен қатар бүгінде 32 аудандық медициналық орталық күрделі жөндеу және жоғары технологиялық медициналық құралдармен жабдықталып, заманауи көпбейінді орталық аудандық ауруханаға айналды. Ауруханаларға КТ, МРТ аппараттары, ангиографтар, реанимациялық және хирургиялық техникалар да орнатылды.
Атқарылған шаралар 4 миллионнан аса ауыл тұрғынына жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік бере алады. Жалпы, жобаны іске асырудың басты мақсаты – ауылдық аймақтардағы жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлімнің 20 пайызға дейін төмендету. Өкінішке қарай, шалғай елді мекендерде инсулть пен инфаркт кезінде шұғыл көмек көрсету мүмкін бола бермейді. Әсіресе адам өмірін сақтап қалу мен ауыр мүгедектіктің алдын алу үшін алғашқы 60 минут – ең жауапты кезең. Бұл уақытта ми мен жүрек жасушалары тез өле бастайды, сол себепті шұғыл көмек көрсетудің алғашқы 60 минутын «алтын сағат» деп те атайды. Бұл орайда ауыл-аймақтардағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын жетілдіру, медициналық құралдармен жабдықтау ерекше маңызға ие болып отыр.
Жоба медициналық ұйымдар мен инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар медицина мамандарын даярлауға да үлес қосты. Мәселен, ауылда денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету аясында жаңа және жаңғыртылған нысандарда жұмыс істеу үшін 1 100 медицина маманы даярланып шыққан.
Жас дәрігерлер ауылға ағыла бастады
Кейінгі жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған жас мамандардың қатары да артып келеді. Мәселен, былтыр медициналық жоғары оқу орындарының 10,5 мың түлегінің 34 пайызы ауылдық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасқан екен. Бұл көрсеткіш 2024 жылға қарағанда, екі есеге өскен. Жас дәрігерлердің ауылға ағылуына басты себептің бірі – мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдаудың артуы. Бағдарлама тұрғын үй, қаржылық, білім беру және әлеуметтік бағыт бойынша жастарды қолдап келеді және шалғай өңірлерде аса тапшы бағыттар бойынша мамандарды ынталандыруға бағытталып отыр. Соның нәтижесінде дәрігерлерге 20 пайызға, орта медициналық қызметкерлерге 7 пайызға, ауылдық жерлердегі дәрігерлерге 16 пайызға тапшылық азайған көрінеді. Ауылдық аймақта жұмыс істеуге жіберілген мамандарға көтерме жәрдемақы, ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиесі, жалақыға қосымша төлемдер, өзге де қолдау шаралары ұсынылады.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жастарға тұрғын үйге қол жеткізуге және жалақыға 25 пайыздық үстемеақы алуға мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, жас маманға бірреттік 100 АЕК(432 500 теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі, бұл – үй жабықтауға арналған қолдау. Ал тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін Отбасы банк арқылы жеңілдетілген несие алуға болады. Аудан орталықтарында – 2500 АЕК-ке дейін, ал ауылдық жерлерде 2000 АЕК көлемінде 15 жыл мерзімге 0,01 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға болады. Ол үшін жас дәрігер бағдарлама шартына сәйкес ауылдық аймақта 3 жыл жұмыс істеуі керек. Жас мамандар әлеуметтік қолдаудың игілігін көрумен шектелмей, одан әрі де ауылда жұмыс істеуге ынталы көрінеді. Мұны біз Threads әлеуметтік желісіндегі жастардың жазбасы мен қызу талқыларынан аңғардық. Мысалы, Жансая есімді желі қолданушысы жақында ғана Қостанай облысы Қарабалық ауданына отбасымен қоныс аударғанын айтады.
– Жолдасым екеуіміз де фельдшер болып жұмыс істейміз. Отау құрғанымызға 5 жылдай болды, 2 баламыз бар. Қалада жалдамалы пәтерде тұрдық, арпалысып 2-3 жұмыс та істеп көрдік, бірақ шығындарымыз азаймады. Ойлана келе қаладан 3 сағаттық жердегі ауылдан жұмыс таптық. Осылайша, құрылысы аяқталған жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктке жұмысқа орналастық, тіпті жұмысымызға жаңа көлік те берді. Бұл ісімізге үлкен құлшыныс сыйлады. Білмегенімізді аудандық ауруханаға барып жүріп үйрендік. Бас дәрігер білмегенімізді үйретуден жалықпайды. Балабақша тегін, үй де алдық, көтерме жәрдемақымызды алдық. Ауылда да мүмкіндік көп, – дейді ол.
Скрининг жобасы іске қосылды
Кейінгі жылдары шалғайдағы барлық ауыл халқын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін ашу, ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қолға алынды. Оның ішіне қуана айтарлығы – ауыл халқын уақытылы скринингтен өткізу. Қазір 18 жастан бастап жаңа нысаналы топтарды анықтау арқылы ауыл халқын скринингпен қамту қайта қаралған. Бұрын ауыл жастарынан бөлек, 30 бен 70 арасындағы адамдар скринингтік тексеруден тыс қалатын еді. Ендігі кезекте медициналық тексеру төрт түрлі топ бойынша жоспарланады. «Жастар» тобына – 18-ден 29 жасқа дейінгі, «Еңбек-1» тобына – 30-дан 44 жасқа дейінгі, «Еңбек-2» тобына – 45-тен 65 жасқа дейінгі және «Зейнеткер» тобына 66 жастан асқан адамдар енеді.
Сонымен қатар телемедицина жүйесі пациенттердің ірі орталықтарға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік беріп жатыр. Қазір еліміздегі телемедициналық желі 2 491 медициналық пунктті, 784 фельдшерлік-акушерлік пунктті, 1 165 дәрігерлік амбулаторияны және 844 мобильді бригаданы қамтып отыр. Былтыр 3,87 млн телемедициналық қызмет көрсетілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 19%-ға жоғары. Бүгінде пациенттерге қашықтан медициналық қызметтің 118 түрі қолжетімді.
Ауылдық жерлердегі тұрғындарға сапалы қызмет біртіндеп қолжетімді болып келеді. Жобалардың оң ықпалы да бар, дегенмен алда да инфрақұрылыммен қатар жалпы медициналық қызметтің сапасы, мамандарды тұрақтандыру мәселесі маңызды болып қала бермек.
Айсұлу СЪЕЗХАН