«Жолдан тайған періштелер» және «БолероХ»: «Астана Балет» сахнасындағы заманауи хореография

Кеш шымылдығы «Bolero X» қойылымымен жабылды.

1 қазанда «Астана Балет» театрының сахнасы заманауи хореографияның кеңістігіне айналды, онда үш қойылым – «Love Fear Loss», «Жолдан тайған періштелер» және «BoleroX» – адам сезімдерінің, қарым-қатынастарының және даралығының сан қырын дәйекті түрде ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» балетімен ашылды. Эдит Пиафтың тағдыры мен шығармашылығынан шабыт алған үш дуэт адамдар арасындағы қарым-қатынасты зерттеудің бір түрі іспетті көрінді. Қойылымның музыкалық бөлігін Театр концертмейстері Құралай Канапина аты аңызға айналған француз әншісінің репертуарынан туындыларды фортепианода орындап шықты.

Бағдарламаның екінші нөмірі бір актілі «Жолдан тайған періштелер» балеті – көрнекті чех хореографы Иржи Килианның ең танымал шығармаларының бірі. «Астана Балет» сахнасындағы қойылымды Стефан Жеромский жүзеге асырды. Спектакльде Стивен Рейхтің Drumming Part 1музыкасы ерекше орын алады. Шығарманың күрделі ырғақты құрылымы және театрдың симфониялық оркестрінің перкуссиялық тобының орындауындағы барабандардың виртуозды партиясы хореографиялық көріністің ажырамас бөлшегіне айналды. Музыкалық фразалардың қайталануы, дыбыстың біртіндеп өсуі және қимылдардың дәлдігі сахнада ерекше ырғақты орта қалыптастырды. Онда музыка мен пластика біртұтас дүние ретінде қабылданады.

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов: «Килианның өнері мүлдем халықаралық және ерекше заманауи. Оның жұмысы музыкалық, монохромды эстетикамен және орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. «Астана Балет» театрының әртістері өзіндік «Килиан стилін» – әдеттегі классикалық хореографиядан асып түсетін және орындаушылар алдында жаңа мәнерлі мүмкіндіктер ашатын пластикалық тілді жетік меңгерген».

Кеш шымылдығы «Bolero X» қойылымымен жабылды. Морис Равельдің әйгілі «Болеросы» мұнда мүлдем жаңа пластикалық өлшемге ие болды.

Қайталанатын ырғақты сурет және музыкалық шиеленіс біртіндеп күшейіп ұжымдық импульске айналады. Біреуінің қозғалысы бірте-бірте көпшіліктің қозғалысына айналады, ал даралық жалпы ағынның бөлігін құрайды. Бұл динамикада хореография адам мен топтың өзара әрекеттесуін, жеке бостандықты және біртұтас тұтастықтың бөлігі болуға деген табиғи ұмтылысты зерделейді. «Bolero X» «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Дирижерлік пульт тізгінін театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев ұстады.

Сонымен, үш түрлі хореографиялық әлем бір кеште біріктірілді: Амаранте камералық драматургиясы мен Килианның минималистік ырғағынан бастап «Bolero X» ауқымды энергетикасына дейін.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.