Жұмыстан шыққан қызметкерге пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төленеді

Қызметкер жұмыстан шығар алдында еңбек демалысын пайдаланып үлгермесе, қалған күндері үшін өтемақы алуға құқылы.

Бұл қызметкер өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда да қолданылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстанның Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төленеді.

Мысалы, қызметкерге 24 күнтізбелік күн еңбек демалысы тиесілі болып, оның 14 күнін ғана пайдаланса, қалған күндері үшін өтемақы есептеледі. Оның мөлшері қызметкердің орташа жалақысына қарай анықталады.

Жұмыстан шығу себебі бұл төлемге әсер етпейді. Яғни қызметкер өз еркімен кетсе де, пайдаланылмаған демалыс күндерінің ақшасын алуға тиіс.

Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін қызметкерге тиесілі барлық сома үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі керек. Оған соңғы жалақы мен пайдаланылмаған еңбек демалысының өтемақысы да кіреді.

Егер жұмыс беруші ақшаны уақытында төлемесе, берешекпен бірге кешіктірілген кезең үшін өсімпұл төлеуге міндетті. Қызметкер еңбек құқығы бұзылған жағдайда еңбек инспекциясына жүгіне алады.

Демек жұмыстан өз еркімен кеткен қызметкер де пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы алуға құқылы.