CNBC ақпараты негізінде Aikyn.kz жаңа келісімнің спорттық киім өндірушілер үшін маңызын талдайды.
Мбаппенің Nike-пен келісімшарты шілдеде аяқталған. Америкалық компания оны ұзартпай, демеушілікке бөлінетін қаражатты басқа бағыттарға жұмсауды жөн көрген. Келіссөздер құпия болғандықтан, оның егжей-тегжейі жарияланбайды. Мбаппенің кетуі Nike бизнесін қалпына келтіру стратегиясымен тұспа-тұс келді. Бас директор Эллиотт Хилл тұтынушылардың брендке сенімін нығайтып, жаңа өнімдерді дамытуға басымдық беруді көздейді.
Сатылымның әлсіздігі, әсіресе Қытай нарығындағы қиындықтар компанияға қысым түсіруде. CNBC-дің 18 қыркүйектегі мәліметінше, Nike акциялары жыл басынан бері шамамен 30%-ға, ал соңғы бір жылда 50%-ға арзандаған.
Мбаппе Nike-пен 2006 жылы, бала кезінде серіктестік орнатқан. Содан бері ол Франция құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатын жеңіп, әлем футболының ең танымал ойыншыларының біріне айналды. Мадридтік «Реалда» ойнайтын шабуылшының жаңа келісімі оның жеке демеушілігіне де қатысты. Nike футболшыға алдағы мансабында табыс тілеп, ортақ жетістіктерін атап өтті.
«Жиырма жылға жуық уақыт бойы біз футболды өзгерткен сәттерді бірге өткердік. Ол Nike Football-дың маңызды бөлігі болды. Алаңда және одан тыс жерде бірге қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтамыз», – делінген компания мәлімдемесінде.
On компаниясы жаңа серіктестік туралы 18 қыркүйекте хабарлады. Компания футбол бағытының директоры қызметіне Франция құрамасының бұрынғы ойыншысы Тьерри Анриді тағайындады. Ол брендтің футбол нарығына шығуына 2025 жылдың соңынан бері атсалысып келеді. Мбаппе болашақ футбол аяқкиімі мен киімдерін әзірлеуге және сынауға тікелей қатысады.
«Бірге жасайтын дүниемізге өз тәжірибем мен көзқарасымды қосқым келеді. Жаңашылдық арқылы мүмкіндіктің шегін кеңейтіп, футболдан алатын қуанышқа адал болғым келеді. Ортақ арманымыз бар, бұл – тек бастамасы», – дейді Мбаппе.
On компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дэвид Аллеманн қалыптасқан үлгілерді қайталаумен шектелгісі келмейтінін жеткізді.
«Футболға бұрынғыны қайталайтын тағы бір спорттық киім бренді қажет емес. Футболға тың идеялар мен мүмкіндіктің шегін кеңейтуге ұмтылыс керек», – дейді ол.
Дегенмен Jefferies сарапшылары футболды игеру қомақты шығынды талап ететінін ескертеді. Олардың бағалауынша, танымал спортшымен келісім жасау өнімнің сапасына деген сенімді автоматты түрде қалыптастырмайды. Сарапшылар Under Armour мен баскетболшы Стивен Карридің серіктестігін мысалға келтіреді. Осындай жұлдызды ойыншылар брендті сол спорт түріндегі басым компанияға айналдыра алған жоқ.