CNBC деректеріне сүйенген Aikyn.kz әуекомпаниялардың қымбат орындарға басымдық беруінің экономикалық себептерін түсіндіреді.
Компанияның бас директоры Роберт Исом бұл көрсеткіштерді 16 қыркүйекте Morgan Stanley ұйымдастырған салалық конференцияда жариялады. Оның айтуынша, қолданыстағы ұшақтарды қайта жабдықтау және жаңа борттар сатып алу премиум орындардың санын өсіруге мүмкіндік береді.
«Ұшақтарымыздың салоны жаңартылып, жаңа ұшақтар келген сайын, қазір 30%-ды құрайтын премиум орындарымыз көбейе береді», – дейді Исом.
Қыркүйектің басында American Airlines өз паркіндегі ең ірі ұшақ – Boeing 777-300ER-дің жаңартылған нұсқасын таныстырды. Оның бизнес-класында 70 Flagship Suite орны бар. Жеке есіктермен бөлінетін бұл орындарда жолаушының заттарын сақтауға қосымша кеңістік қарастырылған. Бұған қоса, ұшақта 44 премиум-эконом орны және аяқ созатын кеңістігі ұлғайтылған 30 Main Cabin Extra орны бар. Компания осы үш санаттағы 144 орынды жайлылығы жоғары ұсыныстарына жатқызады. Жаңартылған алғашқы ұшақ 2 қыркүйекте Нью-Йорктен Буэнос-Айреске рейс орындаған.
Компанияның Boeing 777-300ER паркі 20 ұшақтан тұрады. Олар Лондон, Токио, Сан-Паулу, Буэнос-Айрес және Сидней секілді алыс бағыттарға қатынайды. Сондықтан салондарды жаңарту ұзақ сапарда кең орын мен жеке кеңістікке сұранысты қанағаттандыруға арналған.
American Airlines пайда көлемі бойынша ірі бәсекелестерінен қалып келеді. Роберт Исом ауқатты жолаушыларды тартуды осы алшақтықты қысқартудың маңызды жолы деп санайды. Премиум қызметке сұраныстың сақталуы әуекомпанияларға шығын өскен кезде қосымша түсім алуға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе 2026 жылы авиаотынның қымбаттауы тасымалдаушыларға салмақ түсірді. Жанармай – еңбекақыдан кейінгі екінші ірі шығын бабы. Сондықтан компаниялар әр рейстен түсетін кірісті көбейтіп, шығынның өсуін өтеуге ұмтылады.
Бұндай өзгеріс шағын және бюджеттік тасымалдаушыларды да қамтыған. Allegiant Air мен JetBlue жолаушыларға жайлылығы жоғары орындарды ұсынуға күш салып жатыр. Исомның айтуынша, American Airlines-та сұраныс эконом-класта да сақталған.
«Халықаралық бағыттарда да, ішкі нарықта да, премиум және эконом салондарда да сұраныс жоғары», – дейді ол.
Жаңарту бағдарламасы Boeing 777-300ER ұшақтарымен шектелмейді. Маусымда CNBC-ге берген сұхбатында Исом Boeing 787-8 Dreamliner салондарын жаңғырту және 777-200 ұшақтарының интерьерін өзгерту жоспарын айтқан. Сол кезде ол компанияның 2026 жылы жаңа кең фюзеляжды ұшақтарға тапсырыс беруге ниетті екенін де жеткізген.