Ұландықтар семсерлесуден бірегей жетістікке қол жеткізді

Қазақстандық семсерлесушілер небәрі төрт айдың ішінде Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетіп, әлемдік семсерлесу тарихындағы бірегей жетістікке қол жеткізді.

ҚР ІІМ-нің ARLAN спорт клубының мүшелері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері – лейтенант Руслан Құрбанов, ефрейторлар Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және қатардағы жауынгер Кирилл Проходов Қазақстанның ерлер арасындағы семсерлесуден ұлттық құрамасы сапында ел спортының тарихына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстандық семсерлесушілер небәрі төрт айдың ішінде Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетіп, әлемдік семсерлесу тарихындағы бірегей жетістікке қол жеткізді.

Бұған дейін әлемде ерлер арасындағы семсерлесуден бірде-бір құрама бір жылдың ішінде өз құрлығының чемпионатын, әлем чемпионатын және құрлықтық ойындарды қатар жеңіп көрмеген. Бұл жетістік Қазақстан спорты үшін де тарихи мәнге ие. Бұған дейін еліміздің бірде-бір спорт түріндегі ұлттық құрамасы бір маусымда халықаралық күнтізбедегі басты үш жарыстың барлығында чемпион атанбаған.

Әлемдік спортта мұндай ауқымды жетістіктердің жекелеген атаулары бар. Мәселен, теннисте – «Үлкен дулыға», ал футболда – «требл» деп аталады. Семсерлесу спортында мұндай жетістікке қатысты ресми термин қалыптаспаған. Дегенмен мазмұны жағынан Қазақстан құрамасы бір маусымда басты үш халықаралық доданы бағындырып, өзіндік «Үлкен дулығаға» қол жеткізді.

Маусым айында қазақстандық семсерлесушілер Делиде өткен Азия чемпионатында командалық есепте чемпион атанды. Арада бір ай өткен соң олар Гонконгта алғаш рет әлем чемпионатының командалық сайысында алтын медаль жеңіп алды.

Ал тарихи серияның соңғы нүктесі Нагояда өткен Азия ойындарында қойылды. Финалдық кездесуде лейтенант Руслан Құрбанов, ефрейторлар Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай және қатардағы жауынгер Кирилл Проходов Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті.

Финал барысында тоғыз ұпайға дейін артта қалған қазақстандықтар таразы басын өз пайдасына аударып, керемет камбэк жасады. Нәтижесінде отандастарымыз қарсыласын 43:42 есебімен жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.