Осы күндері Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Форум Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың келешегін талқылайтын орын ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдар, технологиялық компаниялар, қаржы ұйымдары, университеттер мен халықаралық серіктестер арасында нақты уағдаластықтарға қол қоятын маңызды алаңға айналды.
Форум аясында жасанды интеллект, цифрлық активтер, цифрлық инфрақұрылым, білім беру, ғылыми зерттеулер, венчурлық қаржыландыру және стартаптарды қолдау салаларында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылуда. Құжаттар бірлескен жобаларды іске қосуды, инвестиция тартуды, технологиялар мен сараптама алмасуды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты өркендетуді көздейді.
Бұл құжаттардың қабылдануы жасанды интеллекттің болашағын сөз етуден нақты технологиялық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға – есептеу қуаттарын құру мен ЖИ мамандарын даярлаудан бастап, цифрлық қаржыны, Web3 бағытын және технологиялық бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін дамытуға бет алғанымызды айқын көрсетеді.
Осы тұрғыда AI & Digital Bridge 2026 алаңында жасалған келісімдер Қазақстанның технологиялық экожүйесінің бірнеше маңызды бағытын — инфрақұрылым, инвестиция, білім беру, цифрлық қаржы және халықаралық технологиялық әріптестікті бірден қамтиды.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен MultiBank Group цифрлық активтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты
AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен MEX Group Worldwide Limited (MultiBank Group, БАӘ) цифрлық активтер және таратылған тізілім технологиялары саласындағы серіктестікті нығайту бағытында маңызды құжатты қабылдады.
Құжатқа ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов пен MultiBank Group компаниясының бас коммерциялық директоры Марк Аспиналл қол қойды.
Тараптар бірнеше бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты: цифрлық активтерді реттеу мәселелерін талқылау кезінде мемлекеттік органдарға сараптамалық қолдау көрсету, цифрлық активтер нарығы мен таратылған тізілім технологияларын дамыту, өңірлік криптохаб құру бағытында АХФО-мен бірлесіп жұмыс істеу, мемлекеттік қызметтерде блокчейн технологиясын қолдану, сондай-ақ азаматтардың қаржылық және технологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған білім беру жобаларын жүзеге асыру.
Сонымен қатар MultiBank Group Қазақстанда өңірлік кеңсе ашып, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отыр.
Штаб-пәтері Дубайда орналасқан компания 18-ден астам реттеушінің бақылауымен жұмыс істейді және 100-ден астам елден келген 2 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді. Ынтымақтастық аясында MultiBank Group Қазақстанға 30-дан 40 миллион АҚШ долларына дейін инвестиция құруды жоспарлап отыр, оның ішінде өңірлік кеңсе ашу мен цифрлық активтер нарығын дамыту шаралары да бар.
«Қазпошта» цифрлық активтер мен ислам қаржыландыруы саласындағы серіктестікті кеңейтеді
«Қазпошта» АҚ Abhibha Technologies Pte. Ltd. компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат цифрлық активтер және соған байланысты технологиялар саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуды көздейді.
Тараптар «Қазпочтаның» мобильді қосымшасына цифрлық активтерге қол жеткізу шешімдерін кіріктіру мүмкіндігін зерттеуді жоспарлап отыр, бұл Қазақстан азаматтарының осындай қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуі мүмкін. Сондай-ақ әріптестік үлгілері, өнімдерді іске асыру тетіктері, заңнама талаптары және техникалық интеграция мәселелері қарастырылады.
Бұдан бөлек, Еуразиялық даму банкі мен «Қазпошта» АҚ компанияның бөлшек клиенттеріне арналған исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша цифрлық тұтынушылық қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асыру жөніндегі техникалық жәрдемдесу меморандумына қол қойды.
Бес университет «AI+X» моделі бойынша кадрлар даярлау үшін күш біріктірді
А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті, Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті «AI+X» кадрлар даярлау моделі бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын Университеттер консорциумын құру мақсатында бірікті.
Бұл бастама әртүрлі кәсіби және салалық бағыттарда жасанды интеллект құралдарын қолдана алатын мамандарды даярлау ісін дамытуға бағытталған.
Нархоз университеті мен CYBERPACK білім беру және технологиялар саласында әріптестік орнатады
«Нархоз университеті» КЕАҚ пен «CYBERPACK» ЖШС өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат білім беру саласындағы ғылыми-техникалық өзара іс-қимылды дамытуды, жастардың зерттеу және жобалау бастамаларын қолдауды, талантты студенттерді анықтап, дамытуға жағдай жасауды, сондай-ақ бірлескен білім беру шараларын ұйымдастыруды көздейді.
Astana IT University мен SOLANA SUPERTEAM KZ Web3 саласындағы білім беруді дамытады
Astana IT University пен «SOLANA SUPERTEAM KZ» корпоративтік қоры блокчейн-технологиялар, Web3 және Solana экожүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Серіктестік студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуды, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлауды, бірлескен білім беру бағдарламаларын, хакатондарды және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы басқа да бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.
Қазақстанда жаңа дата-орталық пайда болады
2 қазанда AI & Digital Bridge 2026 аясында «Қазақтелеком» АҚ, «КТ-ТЕЛЕКОМ» ЖШС және FireBird AI KZ LTD дата-орталық құрылысын бастау туралы келісімге қол қойды. Құжат заманауи дата-орталық салу жобасын іске асыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, есептеу қуаттарын кеңейтуге және Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары мен бұлтты қызметтерді жедел енгізу үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамдық бірлестігі және FireBird AI KZ LTD жасанды интеллект технологиялары саласында қазақ тілін дамытуға бағытталған ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Оның негізгі мақсаты – ЖИ саласында қазақ тілін дамыту және ілгерілету, сондай-ақ бірлескен технологиялық бастамаларды зерделеп, өмірге асыру.
Alatau City Authority қаржы және технологиялық компаниялармен меморандумдар жасасты
Alatau City Authority арнайы басқару ұйымы «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «Хуавей Текнолоджиз Казахстан» ЖШС, Bybit Limited / Bybit Kazakhstan, Binance Kazakhstan және «Қазақстан Даму банкі» АҚ-мен жекелеген ынтымақтастық меморандумдарына қол қойды.
Alatau City Authority – Қазақстан Республикасының «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған және мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, сондай-ақ қаланың Еуразияның заманауи экономикалық және инвестициялық орталығы ретінде дамуын қамтамасыз ететін Alatau City қаласының арнайы басқару ұйымы.
Келісімдер Alatau City аумағында цифрлық қаржы технологиялары, инновациялар саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға және әлеуетті технологиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Қазақстан мен Грузия цифрлық үкімет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ пен Грузияның Цифрлық үкімет агенттігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар электронды үкімет және цифрлық трансформация саласында тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ сараптамалық және техникалық қолдау көрсетуге уағдаласты.
QazInnovations мен Башқұртстанның ІТ дамыту қауымдастығы ынтымақтастықты нығайтады
«QazInnovations» ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» АҚ пен Башқұртстан Республикасының Ақпараттық технологияларды дамыту қауымдастығы инновациялар, цифрландыру, технологиялық кәсіпкерлік және технологияларды коммерцияландыру салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тараптар бірлескен кеңестер мен кездесулер өткізуді, жұмыс топтарын құруды, ақпарат пен озық тәжірибе алмасуды, сондай-ақ Қазақстан мен Башқұртстанның инновациялық экожүйелерін дамыту үшін бірлескен іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді көздеп отыр.
DOMiNO Ventures пен Paidax инвестициялық келісім жасасты
Өзбекстандық DOMiNO Ventures пен Paidax брокері өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың инвестициялық және технологиялық салалардағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.
Medhub Health AI Quality цифрлық денсаулық сақтау саласында келісімдер жасасты
Medhub Health AI Quality (HAQ) коммерциялық емес ұйымы «NeuroGuard AI» ЖШС-мен және денсаулық сақтау саясаты мен цифрлық денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшы Махмуд Әділмен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.
Келісімдер клиникалық зерттеулер жүргізуге дайын клиникалық орталықтарды құру бағытында ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуды, медициналық деректер алмасуды реттеуде халықаралық тәжірибені тартуды, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау саясаты мен басқару жүйесін дамытуды көздейді.
AI & Digital Bridge 2026 форумында қол қойылған құжаттар жасанды интеллект, цифрлық активтер және есептеу инфрақұрылымынан бастап білім беру, цифрлық денсаулық сақтау, халықаралық технологиялық ынтымақтастық және инновациялық экожүйелерді дамытуға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Бұл келісімдер форумның практикалық маңызын айқын көрсетеді: жаһандық ЖИ күн тәртібін талқылаумен қатар, оның алаңы жобаларды іске қосу, инвестиция тарту және мемлекет, бизнес, университеттер, инвесторлар мен халықаралық технологиялық компаниялар арасында серіктестік орнату үшін пайдаланылады.
Форум туралы
AI & Digital Bridge 2026 форумы Астанада 1–3 қазан аралығында өтіп жатыр және AI MONTH ауқымды бастамасының басты халықаралық оқиғасы. Бұл алаң жаһандық технологиялық индустрия, мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми қоғамдастық, инвесторлар мен стартаптар өкілдерін жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы өркендету ісінде біріктіреді.
AI & Digital Bridge 2026 ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Астана қаласының әкімдігі.
Алтын серіктестер — Freedom Банкі, Kaspi Bank, «Самрук-Қазына» АҚ және «Қазахтелеком» АҚ. Күміс серіктес — Halyk Bank. Бизнес-серіктес — Beeline Қазақстан. Қола серіктес — Yandex Qazaqstan. Телеком-серіктес — «Freedom Telecom Operations» ЖШС. Технологиялық серіктестер — «Транстелеком» АҚ, ресми әуе серіктесі (Official Airline Partner) — Air Astana.