Картаға қате түскен ақшаны жұмсауға болмайды

Кейде банк картасына бейтаныс адамнан күтпеген жерден ақша түсіп жатады.

Мұндай қаражатты өз ақшасы деп есептеп, жұмсап жіберуге болмайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Заң бойынша оны кері қайтаруға тура келуі мүмкін.

Қазақстанның Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, заңда немесе мәміледе көзделген негізсіз басқа адамның есебінен мүлік алған адам оны қайтаруға міндетті. Қате аударылған ақша да «негізсіз баю» ретінде қарастырылады.

Сондықтан ақша жұмсалып қойса да, жіберуші оны қайтаруды талап ете алады. Ал алушы қаражатты өз еркімен қайтарудан бас тартса, жіберуші сотқа жүгініп, ақшасын өндіріп алуға құқылы.

Дегенмен картаға күтпеген жерден ақша түскен бойда оны басқа адамға қайта аударуға асықпаған жөн. Себебі алаяқтар жалған SMS жіберіп, «ақшаны қателесіп аудардым» деген сылтаумен қаражат сұрауы мүмкін. Алдымен мобильді банктен шоттағы нақты операцияны тексеріп, қажет болса банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласқан дұрыс.

Егер аударымның шынымен қате жасалғаны анықталса, банкке хабарласып, қаражатты қайтару тәртібін нақтылауға болады. Ақшаны жіберуші көрсеткен бөтен картаға асығыс аудармай, операцияны банк арқылы рәсімдеген қауіпсіз.

Осылайша, картаға қате түскен ақша алушының меншігіне автоматты түрде айналмайды. Оны жұмсап қою қаражатты қайтару міндетінен босатпайды.