Ана жолын жалғаған әскери қызметші

Әскери қызмет – тәртіп пен табандылықты, Отан алдындағы жауапкершілікті талап ететін мәртебелі мамандық. Ал бұл жол атадан балаға, анадан қызға жалғасып жатса, оның мәні тіпті бөлек.

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет еткен кіші сержант Ғалия Жалмағамбетова мен бүгінде анасының ізін жалғап жүрген ефрейтор Аяулым Мұхаметғалиеваның өмір жолы – әскери әулет сабақтастығының бір көрінісі.

Аяулымның әскери формаға деген қызығушылығы бала күнінен басталған. Оның көз алдында әскери қызметшінің бейнесін қалыптастырған жан – анасы. Мектепте оқып жүрген кезінде анасы кейде оны қызметтік киіммен алып кететін. Сондай сәттерде кішкентай Аяулым іштей ерекше мақтаныш сезіміне бөленетін.

– Бала күнімде мені анам мектептен қызметтік киіммен алып кететін. Сол сәттері іштей масаттанып, анамды мақтан ететінмін. Таңертең айнаның алдында әскери формасын жөнге келтіріп тұрған анама сүйсіне қараушы едім. Сондықтан болар, көкейімде әскери қызметші болсам деген арман пайда болды, – дейді ефрейтор Аяулым Мұхаметғалиева.

Мектепті тәмамдағаннан кейін ол әскери оқу орнына түсуді көздейді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл арманы бірден жүзеге аспайды. ҚазАТУ студенті атанған кезде әскери кафедрада білім алуға үміттенгенімен, кафедраның жабылуына байланысты бұл мүмкіндіктен де қағылады. Дегенмен бала кезден қалыптасқан мақсаты оны әскери ортадан алыстата алмады.

Ол кезде анасы Ғалия Ермекқызы елордалық бригадада байланысшы болып қызмет атқаратын. 2013 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған Аяулым әскери бөлімдегі бос жұмыс орындарын сұрастырып, анасының рұқсатын алған соң іріктеуге қатысады. Нәтижесінде 2014 жылдың мамыр айында 5573 әскери бөлімінің кадр бөлімшесіне іс жүргізуші маман болып жұмысқа қабылданады. Кейін келісімшарт бойынша әскери қызметші атанып, анасының жолын ресми түрде жалғастырады.

Бүгінде ефрейтор Аяулым Мұхаметғалиева аталған әскери бөлімнің кадр бөлімшесінде аға маман (жауапты орындаушы) қызметін атқарады.

Анасы мен қызы бір әскери бөлімде қызмет еткенімен, бір сапта қатар тұрудың сәті түспеген. Олар әртүрлі бөлімшелерде еңбек етті. Оның үстіне Аяулым әскери қызметке келгеннен кейін көп ұзамай анасы зейнет демалысына шыққан. Әйтсе де анасы жылдар бойы еңбек еткен әскери бөлімде оның жолын жалғастыру – Аяулым үшін үлкен мәртебе.

– Бір сапта тұра алмасақ та, анамның ізін қуып, сол әскери бөлімнің сапынан табылғаныма қуанамын. Оның ізбасары болу – мен үшін мәртебе. Анамнан ең алдымен тәртіпті, заң мен бұйрыққа бағынуды үйрендім. Бұл – әскери өмірдің басты шарттарының бірі. Ол өз ісіне әрдайым үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сондықтан мен де анамнан үлгі алып, шыншыл әрі қайсар болуға тырысамын, – дейді ол.

Қиын сәттерде анасының ақыл-кеңесі қызына демеу болады. Ғалия Ермекқызы қызына үнемі: «Ешқандай қиындыққа мойымай, басыңды тік ұстап жүр!» деп жігер береді. Бұл сөз Аяулым үшін қарапайым ақыл ғана емес, әскери қызмет жолындағы өмірлік ұстанымға айналған.

Ал осы жолдың бастауында тұрған запастағы кіші сержант Ғалия Жалмағамбетова әскери қызметті Отанға деген сүйіспеншілікпен байланыстырады. Оның түсінігінде әскери адамның бойындағы ең маңызды қасиеттер – елге адалдық, жауапкершілік пен тәртіп.

– Әскери қызметті таңдау – ең алдымен Отанды сүю, оны қорғау және тәртіпке бағыну. Бұл қасиеттер менің бойыма бала кезімнен ата-анамның тәрбиесі арқылы сіңді, – дейді Ғалия Ермекқызы.

Ол әскери қызмет жолын 1998 жылдың қыркүйек айында байланыс саласында бастаған. Жылдар бойы осы салада тәжірибе жинап, әскери ортада абыройлы еңбек етті. Қызметіне тиянақтылықпен және адалдықпен қарап, қаруластарының құрметіне бөленді. Еңбегі түрлі грамоталармен, төсбелгілермен және медальдармен бағаланды.

2015 жылы Ғалия Жалмағамбетова зейнет демалысына шығады. Алайда әскери ортамен байланысы мұнымен бірден үзілген жоқ. Бір жылдан кейін, 2016 жылы, әскери бөлімнің Мәдени орталығының аға маманы (жауапты орындаушы) қызметіне шақырылып, тағы бірнеше жыл еңбек етеді. Содан кейін ғана әскери қызметпен толық қоштасады.

Өзінің ізін басып, қызының әскери қызметті таңдауы ана үшін ерекше қуаныш болды.

– Қызымның мәртебелі де абыройлы әскери еңбекті таңдағанына, әрине, қуандым. Үнемі оған кеңес беріп, қолғабыс етуге тырысамын, – дейді ардагер әскери қызметші.

Бүгінде анасының әскери формадағы бейнесіне сүйсіне қараған кішкентай қыздың өзі сапта тұр. Кезінде Ғалия Ермекқызы атқарған қызметтің жауапкершілігін енді қызы Аяулым арқалап келеді. Бірі – әскери қызметте жинаған тәжірибесін кейінгі буынға аманат еткен ана, екіншісі – сол аманатқа адал болып, ана жолын жалғастырған бойжеткен.

Лейтенант Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ