Әскердегі отыз жыл: Өскеменде полковник құрметпен зейнетке шықты

Салтанатты шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев полковник Виктор Мұқатаевқа жылы лебізін білдіріп, оның көп жылғы еңбегіне жоғары баға берді.

 Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Виктор Мұқатаевты құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Салтанатты шараға өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері, әскери бөлімдердің командирлері, сарбаздар және ардагерлер қатысты. Жиын барысында полковниктің Ұлттық ұландағы ұзақ жылғы қызмет жолы баяндалып, әр жылдардағы естелік суреттері көпшілік назарына ұсынылды.

Виктор Асанұлы 1979 жылғы 17 сәуірде Алматы облысы Іле ауданының Қосөзен ауылында дүниеге келген. Ол 1999 жылдан бері Ұлттық ұлан қатарында абыройлы қызмет атқарып, взвод командирінен бастап қолбасшының орынбасары лауазымына дейінгі кәсіби жолдан өтті. Офицер 2024 жылдан бастап  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары ретінде қызмет атқарып, өңірлік қолбасшылықтың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен қару-жарақ және әскери техниканың жай-күйіне жауапты міндеттерді абыроймен атқарды. Салтанатты шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев полковник Виктор Мұқатаевқа жылы лебізін білдіріп, оның көп жылғы еңбегіне жоғары баға берді.

- Виктор Асанұлы, Сіз Ұлттық ұландағы қызмет жолыңызда мол тәжірибе жинақтап, өзіңізге жүктелген жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келесіз. Әскери техниканың жарамдылығы мен қару-жарақтың дайындығы – жауынгерлік қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Осы саладағы кәсіби біліміңіз бен жауапкершілігіңіз әріптестеріңізге әрдайым үлгі болды. Ұзақ жылғы еңбегіңіз үшін алғысымды білдіре отырып, құрметті демалыста отбасыңыздың ортасында амандықта, зор денсаулықпен ғұмыр кешуіңізге тілектеспін», – деді генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Шара барысында өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің командирлері де сөз сөйлеп, офицерге бірге атқарған қызмет жылдарындағы еңбегі үшін ризашылықтарын білдірді. Қаруластары оның жоғары кәсібилігін, талапшылдығын, қызметке деген адалдығын және жас әскери қызметшілерге үлгі бола білгенін атап өтті.

Сондай-ақ Виктор Мұқатаевпен  әр жылдары бірге қызмет атқарған  "Батыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы полковник Нариман Акбаровтың бейне арқылы офицерге арнаған жүрекжарды тілегі көрерменді елжіретпей қоймады.  Әріптестері офицердің әскери салаға сіңірген еңбегін атап өтіп, отбасына амандық, өзіне зор денсаулық пен бейнетінің зейнетін көруді тіледі. Өз кезегінде  полковник Виктор Мұқатаев «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығына,  әріптестеріне және қаруластарына бірге атқарған жылдардағы қолдауы мен сенімі үшін шынайы алғысын білдірді.

Мінберге шыққан офицер "Қолбасшы мырза, полковник Мұқатаев атысты аяқтады" деп сөзін қысқа қайырды. Салтанатты шара соңында әріптестері мен қаруластары полковник Виктор Мұқатаевты салтанатты түрде құрметпен зейнеткерлік демалысқа шығарып салды.