Қазақстан құрамасы Аичи және Нагояда (Жапония) өткен XX жазғы Азия ойындарын 84 медальмен қорытындылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Отандастарымыз 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы сегізінші орынға тұрақтады.
Алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда Қазақстан құрамасының көрсеткіші жақсарды. Ханчжоуда өткен жарыста ұлттық құрама 80 медальмен, оның ішінде 10 алтын жүлдемен 11-орын алған еді. Бұл жолы Қазақстан үш сатыға жоғарылап, жүлделер санын 84-ке жеткізді. Еліміз мұндай нәтижеге бұған дейін 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында қол жеткізген. Ал ең жоғары көрсеткіш 2006 жылғы Доха додасында тіркелді. Сол кезде қазақстандық спортшылар 85 медаль жеңіп алған болатын.
Жапониядағы Азия ойындары тек жүлделер санымен ғана есте қалған жоқ. Қазақстан бірқатар тарихи жетістікке қол жеткізіп, бірнеше спорт түрінен тұңғыш рет медаль иеленді.
Сұлтанованың алғашқы алтынынан Тілеулестің тарихи жеңісіне дейін
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді Рината Сұлтанова салды. Велошабандоз жекелей сында жекелей уақытқа жарысу бәсекесінде қарсыластарынан басып озды. Кейін ол велотректегі омниум сайысында күміс жүлдеге ие болды. Осылайша, Сұлтанова Жапониядағы жарыста Ханчжоуда басталған табысты жолын жалғастырды. Ол алдыңғы Азия ойындарында жекелей уақытқа жарысудан қола жүлде алған еді. Енді спортшының құрлық додаларындағы медаль саны үшеуге жетті. Оның үстіне, бұл жолы ол тасжолда да, велотректе де жеңіс тұғырына көтерілді.
Сол күні Алексей Луценко да кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол жекелей уақытқа жарысудан Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін қазақстандық велошабандоз Инчхон, Джакарта және Ханчжоуда өткен жарыстарда да осы сайыста топ жарған еді.
Арада бірнеше күн өткен соң Луценко топтық жарыста да жеңіске жетіп, жазғы Азия ойындарындағы алтын медаль санын алтыға жеткізді. Осылайша, ол бес рет чемпион атанған каноэші Константин Негодяевтің рекордын жаңартып, Қазақстан тарихында жазғы Азия ойындарында ең көп алтын алған спортшы атанды. Топтық жарыста Луценкомен бірге Евгений Федоров та жеңіс тұғырына көтеріліп, күміс медаль иеленді. Осылайша, қазақстандық велошабандоз Азия ойындарындағы топтық жарыста қатарынан екінші рет жүлдегер атанды. Ханчжоуда алтын алған Федоров бұл жолы күміске қол жеткізді.
Қазақстан қоржынына каратэден тағы екі алтын медаль түсті. Жоламан Биғабыл 55 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанса, Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта тағы да үздік шықты. Берульцева Ханчжоуда жеңіп алған чемпиондық атағын қорғап, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды.
Аралас жекпе-жек түрлерінің құрлықтағы басты доданың бағдарламасына алғаш рет енуі де Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Еркінғали Бүркіталин traditional MMA жарысында жеңіске жетсе, Қадырбек Шынбаев modern MMA сайысында чемпион атанды. Ал Санжар Әділов қола жүлдеге ие болды. Азия ойындары бағдарламасына жаңадан қосылған бұл спорт түрі Қазақстанға бірден үш медаль сыйлады. Оның екеуі - алтын.
Қазақстан қоржынына академиялық ескек есуден алғашқы алтынды Владислав Яковлев пен Иван Чернухин салды. Олар ерлер арасында рульсіз екі орынды қайықпен жарыста үздік шығып, елімізге жазғы Азия ойындарында академиялық ескек есуден тұңғыш алтын жүлдені әкелді. Яковлев үшін бұл Азия ойындарындағы алғашқы медаль емес. Ол сонау 2014 жылы Инчхонда өткен жарыста қола жүлде алған еді. Арада 12 жыл өткенде қазақстандық ескекші тағы да жеңіс тұғырына көтеріліп, бұл жолы чемпион атанды.
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы да тарихи жеңіске жетті. Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов командалық жарыстың финалында Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді. Осылайша, Қазақстан ерлер арасында командалық семсерлесуден 24 жылдан кейін алтын медаль жеңіп алды. Бұған дейін ұлттық құрама бұл сайыста 1994 жылы Хиросимада және 2002 жылы Пусанда чемпион атанған болатын.
Алайда бұл жетістіктің мәні бір ғана Азия ойындарындағы жеңіспен шектелмейді. Қазақстан құрамасы 2026 жылы алдымен Азия чемпионатында топ жарды. Одан кейін ел тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанып, артынша Азия ойындарының алтынын иеленді. Бұған дейін ерлер арасында семсерлесуден бірде-бір құрама бір маусымда құрлық чемпионатын, әлем чемпионатын және Азия ойындарын қатар жеңіп көрмеген.
Бокстан Қазақстан құрамасы тағы екі алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Финалда ол Иордания өкілі Зеяд Ишаишты төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді. Бұл жеңістің Төрехан үшін орны ерекше болды. Себебі ол 2026 жылғы Азия чемпионатының финалында Ишаишқа есе жіберген еді. Осы жолы қарсыласынан қарымта қайтарды.
Артынша Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта жеңімпаз атанды. Қазақстан құрамасының капитаны шешуші айқаста Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировтан басым түсті.
Осы екі жеңіс қазақстандық боксшылардың Азия ойындарындағы алтынсыз өткен 12 жылдық кезеңіне нүкте қойды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайға дейін еліміздің былғары қолғап шеберлері соңғы рет 2014 жылы Инчхонда чемпион атанған еді. Ал 2018 және 2023 жылдардағы Азия ойындарында Қазақстан боксшылары алтын медаль жеңіп ала алмады.
Қазақстанның 12-ші алтынын таеквондошы Тамирлан Тілеулес иеленді. Ол 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, елімізге таеквондодан жазғы Азия ойындарындағы тұңғыш алтын медальді сыйлады.
Осылайша, Қазақстанға алтын жүлделерді Рината Сұлтанова, осы жолғы Азия ойындарында екі рет топ жарған Алексей Луценко, Жоламан Биғабыл, Софья Берульцева, Еркінғали Бүркіталин, Қадырбек Шынбаев, Владислав Яковлев пен Иван Чернухин, Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай мен Вадим Шарлаимов, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай және Тамирлан Тілеулес әкелді.
Әлемдік рекорд және тұңғыш тарихи жүлделер
Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы ең елеулі жетістіктерінің бірі ауыр атлет Алексей Чуркиннің есімімен байланысты. Ол 85 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Жұлқа көтеруде 173 келіні бағындырған қазақстандық зілтемірші бұған дейінгі әлемдік рекордты бір келіге жаңартты.
Серпе көтеруде Чуркин 205 келіні еңсерді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 378 келі жинаған спортшы Солтүстік Корея өкіліне небәрі бір келі жол беріп, Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Жапонияда жаңартқан әлемдік рекорды Чуркиннің ересектер арасындағы алғашқы әлемдік жетістігі болды.
Қазақстандық семсерлесушілер де бірнеше тарихи белесті бағындырды. Артем Саркисян ерлер арасындағы жекелей сайыста қола медаль жеңіп алып, қылыштасудан Қазақстан тарихында Азия ойындарында тұңғыш жүлдегер атанды.
Бұл жетістікке жету жолында ол бірқатар мықты қарсыласын жеңді. Ширек финалда командалық жарыстың Олимпиада чемпионы, оңтүстіккореялық До Гёндонды 15:14 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда Олимпиаданың үш дүркін чемпионы О Сан Укпен кездесіп, жарысты аяқтады.
Кейін Саркисян командалық қылыштасудан да қола жүлдеге ие болды. Ханчжоудағы алдыңғы Азия ойындарында да ол ұлттық құрама сапында үшінші орын алған еді. Осылайша, Жапониядағы жарыс спортшыға бірден екі медаль сыйлап, Азия ойындарындағы жүлделерінің жалпы санын үшке жеткізді.
Шпагадан Қазақстан әйелдер құрамасы да тарихи қола жүлдені иеленді. Ирина Бакалдина, Владислава Андреева, София Николайчук және Дарья Самоделкина ел тарихында алғаш рет әйелдер арасындағы командалық шпагадан Азия ойындарының жүлдегері атанды.
Кирилл Проходов Азия ойындарын екі медальмен аяқтады. 19 жастағы спортшы командалық жарыста алтын алғанға дейін жекелей сайыста күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Ал командалық финалда Оңтүстік Кореямен өткен тартысты кездесуде шешуші ұпайды дәл осы Проходов еншілеп, Қазақстанға алтын медальді сыйлады.
Стенд атудан ерлер құрамасы да тарихи нәтижеге қол жеткізді. Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев және Марк Почивалов «трап» жаттығуындағы командалық сайыста 348 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды. Бұл - Қазақстан ерлер құрамасының жазғы Азия ойындарында командалық «трап» сайысынан жеңіп алған алғашқы медалі.
Дамир Тоқтаров та ел қоржынына бұрын-соңды болмаған жүлдені салды. Ол «жылдамдық» сайысында қола медаль жеңіп алып, спорттық құзға өрмелеуден Азия ойындарында жүлде алған тұңғыш қазақстандық атанды. Бұған қоса, Тоқтаров жарыс барысында ұлттық рекордты жаңартты. Іріктеу кезеңінде ол қашықтықты 4,76 секундта бағындырды.
Бірқатар медальдің қадірі ұзақ үзілістен кейін жеңіс тұғырына қайта оралуымен де арта түсті. Қазақстан ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан қола жүлде жеңіп алып, 16 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында қайтадан жүлдегер атанды.
Жеңіл атлет Алина Чистякова жетісайыста үшінші орын алды. Қазақстан бұл сайыста бұған дейін 2006 жылы жүлдеге қол жеткізген еді. Сол жылы Ольга Рыпакова чемпион атанған болатын.
Милад Карими спорттық гимнастикадан еркін жаттығулар сайысында күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан бұл бағдарламада Азия ойындарының күміс жүлдесін соңғы рет 1994 жылы Хиросимада иеленген. Сол кезде Сергей Федорченко екінші орын алған еді. Осылайша, Карими 32 жылдан кейін еркін жаттығулар бойынша елімізге қайтадан күміс жүлде сыйлады.
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жекелей сында жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль иеленді. Ол әйелдер арасында Қазақстан тарихында Азия ойындарындағы жекелей сында тұңғыш рет жүлдеге қол жеткізген спортшы атанды. Кейін Путинцева Анна Данилинамен бірге жұптық сында да қола жүлдеге ие болды.
Азия ойындарының бағдарламасына жаңадан енген виртуалды таеквондодан да Қазақстан қоржынына медаль түсті. Рита Бакишева осы спорт түрінен өткен алғашқы құрлықтық додада қола жүлде жеңіп алды.
Азия ойындарынан келесі Азиадаға дейін
Бірнеше жылдан кейін қайтадан Азия ойындарының жеңіс тұғырына көтерілген спортшылардың жетістіктерін де ерекше атап өткен жөн. Байдарка мен каноэде ескек есуден ағайынды Емельяновтар айрықша көзге түсті.
Тимофей Емельянов үшін бұл жолғы Азия ойындары мансабындағы бесінші құрлықтық дода болды. Оның Азия ойындарындағы жүлде жолы сонау 2010 жылы басталған. Әр жылдары алтын, күміс және қола медаль иеленген ескекші Жапонияда Сергей Емельяновпен бірге екілік-каноэде 500 метр қашықтықта жарыстан қола жүлдегер атанды.
Сергей Емельянов та Жапонияға бірнеше дүркін жүлдегер ретінде келді. Ол Ханчжоуда алтын және күміс медаль жеңіп алса, бұған дейін Джакартада да жеңіс тұғырына көтерілген еді. Бұл жолы Сергей қоржынына тағы екі қола медаль салды. Оның бірі - Тимофеймен бірге екілік-каноэде, екіншісі Руфина Искаковамен аралас екілік-каноэде қол жеткізген жүлде.
Ольга Шмелева да жүлделі жолын жалғастырды. Ханчжоуда күміс алған ол бұл жолы екілік-байдаркадан тағы да жүлдегер атанып, әйелдер арасында төрттік-байдарканың құрамында да жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Стелла Суханова Жапонияда екі рет медаль иеленген спортшылардың бірі болды. Ол байдаркамен жекелей сында 500 метр қашықтықта және әйелдер арасындағы төрттіктің құрамында қола жүлде жеңіп алды.
Слаломды есуден Анастасия Ананьева да қатарынан екінші Азия ойындарында жүлдегер атанды. Ханчжоуда күміс алған спортшы бұл жолы қола медальға ие болды. Дзюдодан да бірнеше дүркін жүлдегерлер көп болды.
Елдос Сметов араға 12 жыл салып, Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта көтерілді. Ол 2014 жылы Инчхонда 60 келіге дейінгі салмақта чемпион атанса, Жапонияда күміс медаль иеленді.
Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта қатарынан екінші рет Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ханчжоуда да ол финалға дейін жеткен еді. Эсмигүл Куюлова да алдыңғы нәтижесін қайталады. Ол Ханчжоуда қола жүлде алса, Аичи мен Нагояда да үшінші орынға тұрақтады.
Күрестен Эльмира Сыздықова Азия ойындарындағы екінші медалін жеңіп алды. 2018 жылы Джакартада қола алған балуан бұл жолы күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ грек-рим күресінің өкілі Мейіржан Шермаханбет қатарынан екінші рет Азия ойындарының жүлдегері атанды. Ханчжоудағы күміс медалінен кейін ол Жапонияда қола жүлдеге ие болды.
Джиу-джитсудан да бірнеше дүркін жүлдегерлер шықты. Нұржан Батырбеков Жапонияға Ханчжоудағы Азия ойындарының чемпионы ретінде барды. 69 келіге дейінгі салмақта алтын алған спортшы бұл жолы да финалға дейін жетіп, күміс медальмен шектелді.
Мариан Журавлеваның жетістігі де назар аударуға тұрарлық. Ол Жапонияда джиу-джитсудан қола жүлде жеңіп алды. Бұл - спортшының жазғы Азия ойындарындағы үшінші медалі. Оның үстіне, Журавлева бұл жүлделерді екі түрлі спорттан иеленген. 2014 жылы ол дзюдодан қола медаль алса, Ханчжоуда джиу-джитсудан үшінші орынға тұрақтады. Жапонияда да осы нәтижесін қайталап, қоржынына тағы бір қола жүлде салды.
Жалпы, джиу-джитсудан Қазақстан құрамасы Жапонияда бірнеше медаль жеңіп алды. Нұржан Батырбеков пен Мариан Журавлевадан бөлек, Мерей Қабдуллаев күміс жүлдеге ие болса, Сейілхан Болатбек пен Жібек Құлымбетова қола медаль алды.
Стенд атудан Әсем Орынбай да тұрақты нәтижесін көрсетті. Ханчжоуда жекелей «скит» сайысынан жүлдегер атанған спортшы Жапонияда да үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар Зоя Пискун және Адель Садақбаевамен бірге командалық сайыста күміс медаль жеңіп алды.
Каратэден Қазақстанның үш спортшысы алдыңғы Азия ойындарындағы жетістігін қайталады. Софья Берульцева Жапонияда 68 келіден жоғары салмақта тағы да топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Ол Ханчжоуда да осы салмақта алтын медаль иеленген еді.
Әсел Қанай да қатарынан екінші рет құрлық додасының жүлдегері атанды. Ханчжоуда 61 келіге дейінгі салмақта қола алған спортшы бұл жолы финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Нұрқанат Әжіқанов та Азия ойындарының жеңіс тұғырына қайта көтерілді. Ханчжоуда 75 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған ол Жапонияда қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық каратэші филиппиндік Алвин Батиканды 10:1 есебімен жеңді. Осылайша, оның еншісінде енді Азия ойындарының екі медалі - алтын мен қола бар.
Семсерлесуден де бірнеше дүркін жүлдегерлер аз болған жоқ. Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов ерлер арасында командалық шпагадан Азия ойындарының барлық жүлдесін иеленді. Олар 2018 жылы Джакартада қола, Ханчжоуда күміс медаль жеңіп алса, Аичи мен Нагояда чемпион атанды.
Руслан Курбанов үшін Жапониядағы алтын медаль Азия ойындарындағы төртінші жүлде болды. Ол бұған дейін 2014 жылы Инчхонда командалық шпагадан қола алған еді. Ерлік Сертай да командалық шпагадан қатарынан екінші рет жүлдегер атанды. Ханчжоуда күміс иеленген қазақстандық семсерлесуші бұл жолы алтын медаль жеңіп алды.
Артем Саркисян Жапонияға командалық қылыштасудан Ханчжоу ойындарының қола жүлдегері ретінде келді. Бұл жолы ол бірден екі жүлдеге қол жеткізді. Алдымен ерлер арасындағы жекелей сайыста Қазақстан тарихындағы алғашқы медальді жеңіп алса, кейін командасымен бірге тағы да қола жүлдеге ие болды. Енді оның Азия ойындарындағы медаль саны үшеуге жетті. Назарбай Саттархан да командалық қылыштасудан екі дүркін жүлдегер атанды.
Велоспорттан Евгений Федоров та медаль қорын толықтырды. Ханчжоуда топтық жарыста жеңіске жеткен ол Жапонияда күміс жүлде иеленді. Осылайша, қазақстандық велошабандоз Азия ойындарында осы сайыстан қатарынан екінші рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Рината Сұлтанова да Жапонияға алдыңғы Азия ойындарының жүлдегері ретінде барды. Ханчжоуда жекелей уақытқа жарысудан қола медаль алған ол бұл жолы осы сайыста чемпион атанып, омниумнан күміс жүлде жеңіп алды. Енді оның Азия ойындарындағы медаль саны үшеуге жетті.
Теннистен Анна Данилина тағы бір медаль иеленді. Ол 2018 жылы өткен Азия ойындарында екі рет қола жүлдеге қол жеткізген еді. Әйелдер арасындағы жұптық сында Гозаль Айнитдиновамен, ал аралас жұпта Александр Недовесовпен бірге үшінші орын алған болатын. Жапонияда Данилина Юлия Путинцевамен бірге әйелдер арасындағы жұптық сайыста қола медаль жеңіп алды. Осылайша, оның Азия ойындарындағы жүлделер саны үшке жетті.
Тоғыз Азия ойыны және бірде-біреуі жүлдесіз аяқталған емес
Жеке спортшылардың жетістіктерінен бөлек, су добынан Қазақстан ерлер құрамасының нәтижесін де ерекше атап өтуге тұрарлық. Жапонияда финалға дейін жеткен қазақстандық су добы шеберлері күміс медаль иеленді. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстан атынан алғаш рет Азия ойындарына қатысқан кезден бері ұлттық құрама су добынан бірде-бір рет жүлдесіз қалған емес.
Қазақстан құрамасы 1994, 1998, 2002, 2010, 2014 және 2018 жылдары чемпион атанса, 2006 және 2022 жылдары қола медаль жеңіп алды. Ал Жапониядағы жарыста осы жүлделер қорына күміс медаль қосылды.
Қазақстан қай спорт түрлерінен көп медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы ең көп жүлдені дзюдо мен күрестен еншіледі. Екі спорт түрінен де жеті медальдан олжаланды.
Дзюдошылар Азия ойындарын бес күміс және екі қола медальмен аяқтады. Жекелей сайыстарда Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс жүлдегер атанса, Эсмигүл Куюлова мен Екатерина Токарева қола медаль жеңіп алды. Бұған қоса, аралас командалық жарыста Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді.
Күрестен де Қазақстан қоржынына жеті медаль түсті. Эльмира Сыздықова күміс жүлдегер атанса, Мейіржан Шермаханбет, Едіге Қасымбек, Начын Кууллар, Зейнеп Баянова, Нұрқожа Қайпанов және Нилуфар Раимова қола медаль иеленді.
Келесі орында байдарка мен каноэде ескек есу тұр. Бұл спорт түрінен қазақстандықтар алты медаль жеңіп алды.
Байдаркамен 500 метр қашықтыққа жарысудан жұптық сайыста Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая күміс жүлдеге ие болды.
Қола медальдарды Стелла Суханова бірлік-байдаркамен 500 метр қашықтықта, Дмитрий Холмогоров бірлік-байдаркамен 500 метрде, Сергей және Тимофей Емельяновтар екілік-каноэден 500 метрде, Сергей Емельянов пен Руфина Искакова аралас екілік-каноэден 500 метрде жеңіп алды. Сондай-ақ Ольга Шмелева, Стелла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелины Костенко төрттік-байдаркада да қола жүлдегер атанды.
Қазақстан семсерлесу, бокс және джиу-джитсудан бес медальдан иеленді.
Семсерлесуден ерлер арасында шпагамен өнер көрсететін команда алтын медаль жеңіп алды. Кирилл Проходов жекелей сайыста күміс жүлдеге ие болды. Ал қылыштасудан Артем Саркисян жекелей сайыста, ерлер құрамасы командалық бәсекеде және шпагадан әйелдер командасы қола медаль иеленді.
Бокстан Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанды. Махмұд Сабырхан, Алуа Балқыбекова және Наталья Богданова қола жүлдеге ие болды.
Джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков пен Мерей Қабдуллаев күміс медаль жеңіп алса, Мариан Журавлева, Сейілхан Болатбек және Жібек Құлымбетова үшінші орынға табан тіреді.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан сегізінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды 169 алтын, 89 күміс және 83 қола медаль жеңіп алған Қытай құрамасы иеленді. Екінші орынға 83 алтын, 95 күміс және 91 қола медальмен Жапония жайғасты. Ал Оңтүстік Корея құрамасы 39 алтын, 43 күміс және 68 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.