Қазақстанда банктер ақша аударымын 5 күнге дейін тоқтата алады

Бұл қаржыны алаяқтардың қолына өтіп кетпей тұрып сақтап қалуға және операцияны тексеруге мүмкіндік береді.

Қазақстанда банктер күмәнді ақша аударымдарын бес жұмыс күніне дейін уақытша тоқтата алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл қаржыны алаяқтардың қолына өтіп кетпей тұрып сақтап қалуға және операцияны тексеруге мүмкіндік береді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қаржы ұйымдары клиенттердің операцияларын алаяқтық белгілеріне тексереді. Егер клиент немесе ақша аударылатын адамның деректері Ұлттық антифрод-орталықтың бірыңғай базасында болса, банк операцияны тоқтатып, заңнамада көзделген шектеулерді қолдануға міндетті.

Сонымен бірге банктер күмән туғызған аударымды бес жұмыс күніне дейін өздері уақытша тоқтата алады. Осы уақыт аралығында операция тексеріліп, ақшаның әрі қарай аударылуына немесе қолма-қол шешіп алынуына жол берілмейді.

Банктер клиенттің әдеттегі қаржылық әрекетінен ерекшеленетін операцияларға да назар аударады. Мысалы, бір шотқа қысқа уақытта көптеген адамнан ақша түсіп, қаражат бірден басқа шоттарға аударылса, мұндай операция тәуекелді деп бағалануы мүмкін.

Транзиттік шоттарға тән тағы бір белгі – операциялардың түсінікті экономикалық мақсатының болмауы немесе клиенттің бұрынғы қаржылық әрекетінің күрт өзгеруі.

Тәуекел деңгейіне қарай банк операцияларды бақылауды күшейтіп, банк картасын бұғаттай алады немесе мобильді қосымшаны пайдалануға уақытша шектеу қоюы мүмкін. Қажет болған жағдайда ақпарат құқық қорғау органдарына беріледі.

Агенттік мәліметінше, биылғы қаңтардан бастап банктер P2P-аударымдар бойынша тәуекелдер туралы ақпарат алмасудың бірыңғай жүйесін сынақтан өткізіп, енгізіп жатыр. Оның міндеті – дропперлердің шоттарын анықтап, күмәнді аударымдарды нақты уақыт режимінде тоқтату.

Бұған қоса, барлық банк алаяқтыққа қарсы мамандандырылған бөлімшелер құрып, күмәнді операцияларға ден қоюдың ішкі тәртібін әзірлеуге міндетті.

Айта кетейік, қаржы саласындағы алаяқтыққа қарсы талаптар биыл күшейтілді. 1 қазаннан бастап кепілсіз онлайн тұтынушылық несие рәсімдеген кезде банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттерге арнайы сауалнама да жүргізеді. Оның мақсаты – адамның алаяқтардың ықпалымен несие алып жатқанын ертерек анықтау.