Талдықорғанда әйелін ұрып-соқты деген ер адам ұсталды

Жәбірленуші бір жасар баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды.

Талдықорғанда әйелін ұрып-соғып, қорқытты деген күдікпен ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жәбірленуші бір жасар баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылды.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2 қазанда Талдықорған тұрғыны полицияға жүгініп, күйеуінің өзіне дене жарақатын салып, қорқытқанын хабарлаған.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу барып, күдіктіні ұстады. Одан пневматикалық қару тәркіленген.

– Дене жарақатын салу және қорқыту фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады полиция.

Дәрігерлердің тексеруінен кейін әйел бір жасар баласымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылып, оларға қажетті көмек көрсетілді. Полицияның мәліметінше, бұған дейін аталған әйелден құқық қорғау органдарына арыз түспеген.

Оқиға әлеуметтік желіде видео тарағаннан кейін көпшілік назарына ілікті. Жеке үйдің ауласында түсірілген деген бейнежазбада жартылай жалаңаш ер адамның әйелді қуып жүргені көрінеді.

Жәбірленушінің жақын құрбысының айтуынша, жанжал 2 қазанға қараған түні басталған. Оның сөзінше, оған бір жасар баланың ер адамға ұйықтауға мүмкіндік бермеуі себеп болған. Кейін жанжал күш қолдануға ұласқан.

Құрбысының сөзінше, ер адам әйелді таңғы сағат төртке дейін ұрып-соққан. Әйелдің айқайын естіген көршілер араласып, оған көмектесуге тырысқан. Алайда куәгерлердің айтуынша, ер адам оларды суық қарумен қуған.

Таңертең жанжал қайта жалғасып, әйел тағы да күш қолдануға ұшыраған. Осыдан кейін ол полицияға жүгінген.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Оқиғаның барлық мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталып жатыр.