Instagram-дағы заңсыз ойын: ақмолалық әйел 90,6 миллион теңгеден астам кіріс тапқан

Ақмола облысының тұрғыны Instagram арқылы бір жыл бойы заңсыз құмар ойын ұйымдастырып, 90,6 миллион теңгеден астам қылмыстық кіріс тапқан.

Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Белгілі болғандай, Ақмола облысының тұрғыны әлеуметтік желі мүмкіндігін заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға пайдаланған болып шықты. Ол Instagram желісінде арнайы аккаунт ашып, шамамен бір жыл бойы тікелей эфир арқылы құмар ойындар өткізіп келген.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ойынға қатысушылар әр жолы 100-ден 2 100 теңгеге дейін ақша тігіп отырған. Бір ойынға төрт адам қатысқан. Ойын шарты бойынша карта таратылып, ең жоғары карта түскен қатысушы жеңімпаз атанған.

Ал ойындарды ұйымдастырған әйел әр ойыннан өзіне тиесілі пайызды алып отырған.

Тергеу барысында оның осы заңсыз қызметінен түскен қылмыстық кірістің жалпы сомасы 90,6 миллион теңгеден асқаны анықталған.

– Іс сотта қаралып, әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы  ("заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру") бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – дейді Астана қалалық прокуратурасынан.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде арнайы лицензиясыз құмар ойындар мен ұтыс тігулерді ұйымдастырудың да заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін мүлікті тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл іс әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер мен онлайн ойындардың да заң талаптарынан тыс қалмайтынын көрсетеді. Instagram-да ұйымдастырылған ойынның виртуалды форматта өтуі оның заңсыз екенін өзгертпейді.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы