Казармалар мен әскери бөлім инфрақұрылымының жай-күйі назардан тыс қалмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қазақстанның жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Ақмола гарнизонындағы әскери бөлімдердің біріне тосын тексеру жүргізді. Министрліктің мәліметінше, Министр әскери бөлімдегі қызметтің ұйымдастырылуымен танысып, әскери қызметшілердің орналасу және тұрмыс жағдайын тексерген. Тосын тексеру барысында, әсіресе, казармалардың жай-күйіне және әскери бөлім инфрақұрылымының жағдайына ерекше назар аударылған.
Тексеру нәтижесінде әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
Бұл – генерал-майор Айдос Мырзахметовтің Қорғаныс министрі қызметіне тағайындалғаннан кейінгі алғашқы күндеріндегі маңызды қадамдарының бірі. Бұған дейін жаңа министр армияда өзгерістер болатынын айтып, Қарулы Күштерді дамыту мен реформалауға қатысты негізгі міндеттерді белгілеген еді.
Министрлік басшылығымен өткен алғашқы жұмыс кеңесінде де әскери қызметтің қауіпсіздігін күшейту, Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және әскердегі қызмет жағдайын жетілдіру мәселелеріне басымдық берілген.
Министрдің Ақмола гарнизонына тосыннан баруы да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы ретінде бағаланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қорғаныс министріне әскери қызмет қауіпсіздігін күшейтуді тапсырған еді. Президент сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктеді.
Осыдан бір күн бұрын, 3 қазанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің үш жоғары лауазымды тұлғасын қызметінен босатқан. Енді жаңа министрлік басшылығының алдында әскердегі қауіпсіздік, әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайы мен Қарулы Күштерді одан әрі реформалау бағытында бірқатар маңызды міндет тұр.
Ал Ақмола гарнизонындағы тосын тексеру барысында берілген тапсырмалардың орындалуы әскери бөлімдегі қызмет пен сарбаздардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы