«Ұстаз айтса»: Астанада педагогтер білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын қолдау мақсатында Астана қаласындағы №101 орта мектеп кітапханасына партия төрағасының атынан түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартылды.

Астанада Мұғалімдер күніне орай «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен №101 орта мектепте «Ұстаз айтса» атты диалог алаңы өтті. Жиында педагогтердің кәсіби тәжірибесі, білім беру саласындағы өзекті мәселелер, заманауи технологияларды пайдалану, жасанды интеллект мүмкіндіктері және оқушының қабілетін ашу мәселелері талқыланды. Диалог алаңы «Баланы жақсы оқыту үшін бүгін мұғалімге не қажет?» тақырыбы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға «Әділет» партиясы Төрағасының идеология бағыты бойынша орынбасары Ержан Жылқыбаев, Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, ұстаздар мен білім саласының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Әділет» партиясы Төрағасының идеология бағыты бойынша орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, республика бойынша ұйымдастырылып жатқан диалог алаңдарының мақсаты – ұстаздарды мерекемен құттықтаумен ғана шектелмей, олардың нақты мәселелері мен ұсыныстарын тыңдау.

– Мемлекетіміз үшін маңызды мерекелердің бірі – Ұстаздар күні қарсаңында партиямыздың атынан республика бойынша ұстаздармен диалог алаңдарын ұйымдастырып отырмыз. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты – мұғалімдердің өзекті мәселелерін тыңдап, оларды шешу жолдарын талқылау. Осындай кездесулерде көтерілген мәселелерді жүйелеп, оларды шешу үшін тиісті ұсыныстар әзірлеу маңызды. Еліміздің барлық өңірінде ұстаздармен кездесулер өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар аясында педагог мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасы, – деді ол.

Ержан Жылқыбаев педагогтердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданғанын, сондай-ақ мектептердің жалпы жағдайы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері де назарда екенін атап өтті.

Ал Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов педагогтерді қолдау, білімді дамыту және адами капиталды қалыптастыру партияның басты басымдықтарының бірі екенін айтты.

Ол биыл жарияланған PISA зерттеуінің нәтижесіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, қазақстандық оқушылардың 86 пайызы мұғалімдері сабақты түсінгенше көмектесетінін, түсіндіретінін және қолдайтынын айтқан.

– Меніңше, бұдан артық қандай мақтау, қандай баға болуы мүмкін? Бұл – мұғалімдеріміздің еңбегіне берілген өте жоғары баға, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат қазіргі уақытта мұғалімдердің жұмысы технологиялардың дамуына байланысты күрделене түскенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде педагогтер балалардың назары үшін Netflix, YouTube, әлеуметтік желілер және жасанды интеллектпен қатар бәсекелесуге мәжбүр.

– Қазіргі балаларды таңғалдыру өте қиын. Қазіргі балалар дайын жауаптар әлемінде өмір сүріп жатыр. Кез келген сұраққа жауап бар. Осындай заманда балаларды қалай қызықтырамыз, олардың «неге?», «қалай?» деген сұрақтарды қоюын қалай үйретеміз деген мәселе барған сайын маңызды болып тұр. Алайда қандай жасанды интеллект келсе де, қандай технологиялар дамыса да, мұғалімнің орнын ешбір технология, ешбір жасанды интеллект алмастыра алмайды. Сондықтан сіздерге ерекше ризамыз және еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз, – деді ол.

Диалог барысында әр пәннің мұғалімі өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Шауенова оқушылардың сыни ойлауын, ұлттық және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру бағытындағы ұсыныстарын айтты.

Математика пәнінің мұғалімі Салтанат Шаден сабаққа дайындықта және оқу материалдарын әзірлеуде жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану тәжірибесін таныстырды.

Информатика пәнінің мұғалімі Жаннұр Ержанова оқушының пәнге қызығушылығын арттыру, оқу қиындықтарын еңсеру және баланың қабілетін ашу жолдары туралы ой бөлісті.

Бастауыш сынып мұғалімі Гүлсара Оспанова білім мен тәрбиені қатар алып жүру, баланың мектепке және білімге деген алғашқы көзқарасын қалыптастыру мәселелерін қозғады.

Ал география пәнінің мұғалімі Нұрбек Ерікұлы ұстаздың қоғамдағы орны, педагог мәртебесі және мұғалімнің кәсіби болмысы туралы пікір білдірді.

Кездесу барысында педагогтердің ұсыныстары тыңдалып, білім беру процесіне қатысты мәселелер талқыланды.

Іс-шара соңында білім беру саласына қосқан үлесі мен кәсіби қызметіндегі еңбегі үшін бірқатар педагогке «Әділет» партиясының және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасын қолдау мақсатында Астана қаласындағы №101 орта мектеп кітапханасына партия төрағасының атынан түрлі жанрдағы кітаптар сыйға тартылды.