Қазақстанда ЖИ мен креативті индустрияға инвестиция салатын қор құрылады

Қазақстан қордың өңірлік портфеліндегі негізгі нарықтардың бірі болады.

Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында жасанды интеллект пен креативті индустрия саласындағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған жаңа венчурлік қор құру жөніндегі келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қордың жоспарланған көлемі – 50 миллион доллар. Оның қаражаты жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және креативті индустрия тоғысындағы, халықаралық деңгейде ауқымын кеңейтуге әлеуеті бар жобаларға бағытталады.

Қаражаттың жартысын Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі жобаларға, қалған бөлігін халықаралық нарықтағы бастамаларға инвестициялау жоспарланып отыр. Қазақстан қордың өңірлік портфеліндегі негізгі нарықтардың бірі болады.

Қордың іске қосылуы технологиялық және креативті кәсіпкерлікті дамытуға, перспективалы жобалардың капиталға қолжетімділігін арттыруға және қазақстандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беруді көздейді.

Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған еді.