Қолайсыз ауа райы: полиция азаматтарды жолда сақ болуға шақырды

Қауіпсіздік талаптарын сақтау — жол-көлік оқиғаларының алдын алудың және адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. 

Өткен аптадан бері Қостанай облысында ауа райы құбылып тұр. Алдағы уақытта өңірде қатты жел, жауын-шашын, қар, бұршақ және көктайғақ сияқты қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осыған байланысты полиция азаматтарды жолда аса сақ болып, қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Жүргізушілер жолда аса сақ болғаны жөн. Ауа райы мен жол жағдайын ескере отырып, жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау, күрт маневрлер мен шұғыл тежеуден аулақ болу қажет. Мүмкіндігінше ауа райы тұрақталғанға дейін алыс жолға шықпаған абзал.

Жаяу жүргіншілерге де жолда аса сақ болу қажет. Жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтіп, көліктің толық тоқтағанына көз жеткізген жөн. Тайғақ жолда көліктің тежеу жолы ұзаруы мүмкін екенін естен шығармаңыз.

Қауіпсіздік талаптарын сақтау — жол-көлік оқиғаларының алдын алудың және адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Ауа райына бей-жай қарамай, жолда сақтық танытыңыз.