Қарияларға көмек берді

Жамбыл облысында Халықаралық қарттар күніне орай «Әділет» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің атқарған жұмысы қорытындыланды. Мұнда аға буын өкілдеріне күнделікті тұрмыста кездесетін мәселелерді шешуге нақты көмек көрсетілді.

Жаңатаста отын тапшылығына бай­ланысты көмек сұраған зейнеткер Гүлсім Тоққұлиеваның өтінішіне партия үн қатып, үйіне екі тонна көмір жеткізіп берді. Қабылдау бөлмесіне өз мәселесімен келген тағы бір азамат – 67 жастағы Құралбай Төлеуов. Ол 2005 жылы үй сатып алған. Алайда мүліктің бұрынғы қожайыны өзге елге көшерде құжаттардың толық топ­тамасын қалдырмаған. Соның салдары­нан үйін тиісті түрде рәсімдеп, ком­му­никация жүргізе алмай қалған. Партия өкілдеріне жүгінгеннен кейін мәселе ше­шімін тауып, ақыры үйге газ тартылды.

Осындай оң жаңалықтар легі өңірде жетіп жатыр. Жуалы ауданында 96 жастағы тыл ардагері Клавдия Ива­нованың аула­сындағы ескі қоршау жөнделді. Жамбыл ауданында белсенділер жалғыз тұратын зейнеткер Валентина Щевакованың үй ауласын ретке келтір­ді. Баспана аумағы қоқыстан тазартылып, ағаш қоршауы жаңартылды. Қордай ауданында 89 жастағы Евгения Буль­бенконың үйіндегі шатыр жөнделді. Мойынқұм ауданында ауруха­наның бұрынғы санитар қызметшісі Бақыткүл Мақұлбекованың үй шаруасына көмек көрсетілді.

Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылында 74 жастағы Сейітхан Жақыпбековке қолдау көрсетілді. Ол ұзақ жыл жұмысшы болып еңбек еткен. Алайда бүгінде жұбайы екеуі де мүмкіндігі шектеулі жандар қатарында. Партия мүшелері олардың үйіне ауызсу тартып, ауласына жаңа шаруашылық нысанын салуға көмектесті. Шу ауданында партияның қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштерден кейін 89 жастағы Келеке Рахимованың сарайындағы шатыр жаңартылды. Меркі ауылында Сары­молдаев көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындарының мәселесі шешіліп, аулаға жарық тартылды. 

Мереке қарсаңында «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық және аудандық филиалдарының өкілдері қарттардың үйіне барып, атқарылған жұмыстың сапасын тексеріп, сыйлықтар табыстады. 

Бекбол АМАНГЕЛДІ