Президент Оман Сұлтанын қарсы алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты күтіп алды.

Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан елордаға дейін Оман Сұл­таны мінген бортпен қапталдаса ұшты.

Мәртебелі мейманның келуіне орай ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі сап түзеді.

Қарсы алу рәсімінен соң әуежай залында екі ел басшылары аз-кем әңгімелесті.

Мемлекет басшысы екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

– Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, ха­лық­аралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мем­ле­кет­теріміз арасындағы серіктестіктің әлеуе­ті зор екеніне сенімдімін. Алды­мыз­да ынтымақтастық аясын мейлін­ше кеңейту міндеті тұр, – деді Презид­ент.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұн­ды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді.

Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемле­кет­тер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспар­лан­ған.